АПТА ЖАҢАЛЫҚТАРЫ: ҚЫТАЙДЫҢ НАЗАРЫ ҚЫРҒЫЗСТАНҒА АУДЫ МА?
2025 жылдың 27 қаңтары мен 3 ақпаны аралығында Қырғыз Республикасында болған маңызды жаңалықтарды баяндасақ.
Ел президенті алдыңғы жылдың басты мәселелерінің бірі болған адам құқықтарын қорғауға байланысты ғаламторда қорлау мен жала жабу үшін айыппұл салу туралы заңға қол қойды. Ендігі таңда, құқық бұзушылық кодексіне сәйкес, жеке тұлғалар үшін әкімшілік айыппұл 20 мың сомды, заңды тұлғалар үшін 65 мың сомды құрайды. Аталған заң 10 ақпаннан бастап күшіне енетін болады.
Сонымен қатар, Қырғыз Республикасы екі жақты қарым-қатынастарды нығайту үшін де, бірқатар жұмыстар жүргізді. Атап айтқанда, елдің Төтенше жағдайлар министрі Бообек Әжікеев 28-30 қаңтар аралығында Түркияда ресми іс сапарда болды. Сапар барысында Түркияның төтенше жағдайлар басқармасының басшылығымен кездесіп, халықты және аумақтарды табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау бойынша бағытталған екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Кездесудің нәтижесінде, Түркия және Қырғыз Республикасы табиғи апаттар кезінде бір-біріне жедел көмек көрсетуге және тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін жол картасына қол қойды.
Келесі кездесу 30-31 қаңтарда Алматы қаласында өткен Еуразиялық Үкіметаралық кеңестің отырысы кезінде Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің басшысы Адылбек Қасымалиев Иранның бірінші вице-президенті Мохаммад Реза Арефпен және ҚР премьер-министрі Олжас Бектеновпен кездесті. Мохаммад Реза Арефпен кездесу кезінде Бендер-Аббас қаласындағы Шахид-Раджаи теңіз портын пайдалану мәселесін және екі-жақты сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистика салаларындағы және ЕАЭО аясындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Ал Олжас Бектеновпен тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік және энергетика салаларындағы бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын екендіктерін, сонымен қатар су-энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылап, бірлескен шаралардың арқасында 2024 жылғы суару маусымы ысырапсыз өткенін атап өтті.
Өткен аптада Жогорку Кенештің Конституциялық заңнама және мемлекеттік құрылым комитетінің отырысында қырғыз тілінің болашағы үшін маңызды ұсыныс жасалды. Толықтырып кетсем, мемлекеттік тіл және тіл саясаты жөніндегі ұлттық комиссия Қырғыз Республикасының ЖОО-да қырғыз тілінде білім беруді кеңінен таратуды ұсынды. Оған себеп, қазіргі таңда елдегі көпшілік оқу орындарында жастар орыс тілінде білім алатындықтан, мемлекеттік қызметтерге орналасқанда жастар қырғыз тілінде жүргізілетін құжат айналым барысында көптеген кедергілерге тап болады. Әрине, бұл мәселені қараусыз қалдыратын болса, тіл болашағына қауіптің көбейетіні анық.
Сонымен қатар, Қырғызстанда денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауы бойынша қызылшаға қатысты жағдай өткір күйінде қалып отыр. Бұл аурудың өсімі ел астанасы Бішкек қаласында байқалады және соңғы жылдары екпеден бас тартқан балалардың саны артып келеді. Ағымдағы жылдың басынан бері қызылшаның 1104 жағдайы тіркелді. Ауру жұқтырғандардың көп бөлігі, бұрынғы уақытта ата-анасы екпеден бас тартқан балалар. Және мәліметтерге сүйенсек, екпеден бас тартудың негізгі себебі-діни сенім екенін байқаймыз.
2025 жылдың 4-7 ақпанында ҚХР төрағасы Си Цзиньпиньнің шақыруымен Қырғыз президенті Садыр Жапаров Қытайға мемлекеттік сапарын жоспарлауда. Соңғы уақытта, Қытай мен Қырғыз Республикасының қарым-қатынасының динамикасының өсуі байқалады. Дәлел ретінде бірнеше факторды атап өтсек болады. Біріншіден, 2024 жылдың қорытындысы бойынша, Қырғызстан Орталық Азия елдерінің ішіндегі Қытаймен сауда айналымының өсімі бойынша көш басында тұр. Екіншіден, Қытай қырғыз елінің экономикасының басты инвесторы болып саналады, яғни өткен жылда Қытай тарапынан ел экономикасына $220 млн -нан аса тікелей инвестиция тартылған. Үшіншіден, жыл соңында құрылысы басталған «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» теміржолы жобасы. Бұл Қытайдың назары Қырғызстанға ауғанын көрсетеді ме? Әрине, Қытай бұған дейін де Орталық Азия мемлекеттерінің тікелей сыртқы ірі инвесторы екенін білеміз, сәтті жүзеге асырылып жатқан жобалар да аз емес. Алайда, біз қарастырып отырған Қырғыз Республикасы Қытайдың «қарыз құрығына» ілінбей, инвестициялық жобаларды ел экономикасы үшін қаншалықты сәтті жүргізе алады? Бұл мәселеге байланысты сарапшылар арасында түрлі пікірлер кездеседі. «The Carnegie Endowment for International Peace» сараптамалық орталығының ресми сайтында Н. Мураталиева өз мақаласында Қытайдың Орталық Азиядағы саясатына қатысты пікірін білдірген. Аймақтағы елдер үшін қытайлық несиелеудің ортақ белгілері ретінде қарыз алудың қарапайымдылығы, оларды өтеудегі қиындығы, сонымен қатар рәсімдердің ашықтығы мен нақты шарттарының жоқтығын атап айтқан. Және қытайлық несиелер болашақта аймақ елдерінің ішінде экономикалық осал болып табылатын Қырғызстан мен Тәжікстанның экономикалық және саяси мүдделеріне қауіп төндіру мүмкіндігін атап өткен. АҚШ-тық Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріндегі экономикалық, қауіпсіздік және геосаяси өзгерістерді бақылаушы сарапшылар Уайлдер Санчес және Марин Экстром «The Diplomat» сайтында Қытай мен Қырғызстанның қатынасына келесі көзқарастарын білдірген. Бір жағынан Қытай және «Бір жол, бір белдеу» Қырғызстанның жаһандық саудаға ашылуына көмектесті, екінші жағынан Қырғызстанның болашағына баға берерде Бішкектің Пекин алдындағы несиелік тәуелділігі алаңдатады. Алайда, қоғамның қарсылығына қарамастан, Қырғызстан жақын болашақта инвестициялық және сауда байланыстарында Қытайға сенім артатындығын атап айтқан.
Қорытындылай келе, әрине әр сарапшының пікірімен келісуге болады, дегенмен менің ойымша Қытайдың Қырғыз Республикасына деген қызығушылығын ел болашағына қауіп ретінде ғана емес, ел экономикасының дамуына импульс беруші қозғаушы күш ретінде қарастыруға болады. Себебі, Қытайда бәрімізге белгілі үлкен нарық бар, сонымен қатар елдің экономикалық әлеуетін ескеретін болсақ бұл елмен серіктес болуға ұмтылатындар да аз емес. Алдағы онжылдық тек Қырғызстан ғана емес, жалпы Орталық Азия аймағы сыртқы міндеттемелерін қаншалықты тиімді пайдалана алатынын, сондай-ақ Қытай «экономикалық ғажайыбымен» қаншалықты бөлісуге дайын екенін көрсететін болады.
Мухаметжан Ақбота Ерлікқызы