қаралымдар: 203 оқырман

БУДАПЕШТ САММИТІ: ТҮРКІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫНЫҢ ЕУРОПАЛЫҚ ВЕКТОРЫ

2025 жылғы 21 мамырда Венгрия астанасы Будапешт қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының (ОТГ) бейресми саммиті – ұйым тарихындағы стратегиялық бетбұрыс сәттердің бірі. Бұл саммиттің басты ерекшелігі – оның Еуропа кеңістігінде, нақтырақ айтқанда ұйымға бақылаушы мәртебесі бар Венгрияда өтуінде. Будапешт кездесуін Түркі ынтымақтастығының геосаяси ауқымын кеңейтудің символы әрі мазмұндық жалғасы ретінде бағалауға болады.

Саммиттің «Шығыс пен Батыстың тоғысқан жері» деген ұраны кездейсоқ таңдалмаған. Бұл формула ОТГ-нің болашақтағы миссиясын дәл сипаттайды. Венгрияның бұл процестегі белсенділігі оның көпвекторлы сыртқы саясатының бір бөлшегі ретінде қарастырылады. Премьер-министр Виктор Орбанның ұйымға деген мүдделілігі, Будапешттегі Түркі академиясының бөлімшесі, түркі интеграциясына қатысты мәдени-идеялық үндеулері – ОТГ-нің Еуропаға ашықтығы мен трансконтиненталдық әлеуетінің көрінісі. Бұл үрдіс ұйымның Еуроодақ шеңберіндегі жұмсақ күшін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Саммит барысында көтерілген басым бағыттардың бірі – экономикалық байланыстарды тереңдету және стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру болды. Азербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің мәліметінше, ел соңғы жылдары ұйымға мүше мемлекеттерге 20 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салған. Бұл өзара сенімділіктің және ОТГ шеңберіндегі ішкі экономикалық дербестіктің нығайып келе жатқанын көрсетеді. Атап айтқанда, Баку–Тбилиси–Карс теміржолының өткізу қабілетін 5 млн тоннаға дейін арттыру және Алят портының инфрақұрылымдық жаңғыртылуы Орта дәліздің тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл тек аймақтық емес, жаһандық логистикалық картадағы маңызды қозғалыс ретінде қарастырылады.

Жасыл энергетика саласындағы ынтымақтастық – саммиттің тағы бір стратегиялық бағыты. Әзірбайжан, Қазақстан және Өзбекстан арасындағы жасыл энергетика бойынша үшжақты әріптестік бастамасы ұсынылып, жаңартылатын энергия көздерін өндіру, сақтау және Каспий–Қара теңіз бағыты арқылы экспорттау мүмкіндіктері қарастырылды. Бұл бастама тек экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етіп қоймай, ОТГ-нің жаһандық климаттық күн тәртібіне қосылуына жағдай жасайды. Әзірбайжанның COP29 климаттық конференциясына төрағалық етуі ұйым үшін халықаралық «жасыл платформаларда» белсенділік таныту мүмкіндігін ұсынады.

Будапешт саммитінде ОТГ-нің институционалдық құрылымдарын дамыту мәселелері де назардан тыс қалмады. Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың төрағалығымен өткен жиында ұйымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін тетіктер, дипломатиялық үйлестіру мен халықаралық ұйымдармен серіктестік мәселелері талқыланды. Бұл ұйымның құрылымдық кемелденуіне, ортақ шешім қабылдау мәдениетін орнықтыруға бағытталған маңызды қадамдар ретінде қабылданады.

Будапешттегі бейресми саммит Түркі мемлекеттері ұйымының жаңа саяси, экономикалық және институционалдық белеске бет алғанын көрсетеді. Саммит нәтижелері ОТГ-нің Еуропаға қарай ашықтығын нақтылап қана қоймай, түркі интеграциясының заманауи модельге сай икемделу мүмкіндігін көрсетті. Егер ұсынылған бастамалар жүйелі түрде жүзеге асырылса, ОТГ өңірлік ұйымнан трансөңірлік ықпалды акторға айналуы әбден мүмкін.

Тұралин Есенғазы Мұхаметжанұлы