қаралымдар: 106 оқырман

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЖӘНЕ ӘЗЕРБАЙЖАН: 2025 ЖЫЛҒЫ АЙМАҚТЫҚ СЕРІКТЕСТІКТІҢ ЖАҢА ТАРМАҚТАРЫ

Орталық Азия елдері мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынастар саясат, экономика, көлік-логистика салаларында 2025 жылы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастады. Басты саяси оқиғаның бірі – 2025 жылы 16 қарашада Ташкент қаласында өткен Орталық Азия мемлекет басшыларының жетінші консультативтік кеңесінде Әзербайжанның Кеңеске толыққанды қатысушы ретінде қосылуы болды. Бұл тарихи және стратегиялық маңызды шешім болып табылады. Соның негізінде қазіргі таңда Әзербайжан Кеңестің толыққанды қатысушы ретінде әрекет етуде.

«С5» жабық форматынан кеңейтілген «С6» форматына Әзербайжанды қосу туралы шешім Оңтүстік Кавказдан Орталық Азияға дейінгі кең геоэкономикалық және геосаяси кеңістіктің қалыптасуын көрсетеді. Бұл бірлестік өңірдің халықаралық алаңдағы әлеуетін арттырып, көлік дәліздерін әртараптандыруға және Ресей, Иран арқылы өтетін дәстүрлі бағыттарға тәуелділікті азайтуға ықпал етеді. Орталық Азия елдері мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастықтың негізгі өзегі транзиттік инфрақұрылым мен көлік-логистиканы дамыту болып саналады. Әзербайжан Азия мен Еуропа арасындағы Орта дәліздің маңызды торабы бола отырып, өткізу қабілетін және экспорттық ағындардың өсуін қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие. Бұл өз кезегінде Орталық Азия елдері үшін Каспий мен Оңтүстік Кавказ арқылы халықаралық нарықтарға қосылуға жаңа серпін берері хақ.

Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан арасында Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша үкіметаралық келіссөздер жүргізіліп, Ақтау, Құрық, Алят порттарының инфрақұрылымын дамыту жоспарлары бойынша бірқатар мәмілеге келгені белгілі. Бұл Каспий өңірінің бірыңғай логистикалық кеңістігін қалыптастыруға зор мүмкіндік туғызады. Көлік ведомстволарының мәліметтері бойынша, Әзербайжан мен Орталық Азия елдері арасындағы транзит көлемі 2025 жылдың I тоқсанында 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15-18%-ға өсті. Транзиттік тасымалдардың өсуі Орта дәлізге деген тұрақты сұранысты дәйектейді.

2025 жылғы 8-9 сәуірде Бакуде өткен Әзербайжан-Өзбек бизнес-форумы, сондай-ақ Әзербайжанның Қазақстан және Түрікменстанмен үкіметаралық комиссияларының отырыстары кіретін Әзербайжан - Орталық Азия инвестициялық диалогы өткен болатын. Іс-шараларға 200-ден астам компания қатысып, мәлімделген инвестициялық жобалардың жиынтық көлемі 500 млн АҚШ долларынан асты. Транскаспий бағытының көліктік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға, өнеркәсіптік кооперация мен энергетикалық ынтымақтастыққа басты назар аударылды. Логистика, энергетика, «жасыл» технологиялар және цифрлық инфрақұрылым салаларындағы жобалар талқыланды.

Сондай-ақ, Әзербайжанның Орталық Азия елдерімен жиынтық тауар айналымы 2025 жылдың 9 айында 1 млрд АҚШ долларынан асып, 2024 жылмен салыстырғанда 50%-дан астам өсті. Аймақтық серіктестіктің экономикалық мазмұны артты. Бұл Орталық Азия елдері мен Әзербайжан арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа деңгейге көтерілгенінің айғағы.

2025 жылы 13 қарашада Ташкент қаласында Әзербайжан қосылған Орталық Азия елдерінің сауда және инвестициялар министрлерінің алғашқы кездесуі өтті. Тараптар өңірлік жеткізілім мен бірлескен жобалар есебінен тауар айналымын 20 млрд долларға дейін өсіруді талқылады. Сонымен қатар, бірыңғай инвестициялық кеңістік құру, өнеркәсіптік серіктестікті және «Made in Central Asia» аймақтық брендтерді шығару жоспарланды. Ташкенттегі кездесу барысында аймақ басшылары ұжымдық қауіпсіздік, дипломатиялық өзара іс-қимылды тереңдету және егемендікті өзара құрметтеудің маңыздылығын талқылап, саяси диалогты күшейтуді басты назарға қойды.

Осындай нәтижелі қарым-қатынастардың негізінде Әзербайжан мен Орталық Азия елдері өңірлік даму, шекара маңы ынтымақтастығы, көлік-логистика мәселелері бойынша, сауда, саяси диалог және өңірлік интеграцияны қамтитын серіктестікті нығайта түсері анық.


Серикова Ботагөз Досалықызы