КВАДРО-АЙМАҚ: ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БІРЛІГІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Халықаралық қатынастарды түсінудің бастапқы нүктесі – онтология, яғни болмыс туралы ілім. Осы тұрғыдан алғанда, Орталық Азияны тек геосаяси кеңістік емес, дербес өркениеттік субъект ретінде қарастыру қажет. Алайда батыстық классикалық теорияларда бұл аймақ көбіне жеке өркениет ретінде танылмай келеді. Мәселен, Рене Генон да, Сэмюэл Хантингтон да өз еңбектерінде Орталық Азияны дербес өркениет ретінде қарастырмайды. Ол не ислам, не қытай, не православ өркениетінің шеңберінде ғана түсіндіріледі.
Бұл – «өркениет» ұғымының батыстық түсіндірмесінің шектеулігін көрсетеді. XVIII ғасырдан бері қалыптасқан түсінік бойынша өркениет – отырықшы, қалалық өмір салтымен байланыстырылады. Ал көшпелі мәдениет «өркениеттік емес» ретінде бағаланып келді. Шын мәнінде, Орталық Азия – көшпелі және отырықшы мәдениеттердің синтезін қалыптастырған бірегей кеңістік.
Осы тұрғыда Марат Барманқұловтың «квадро-ұлт» концепциясы ерекше назар аударады. 1999 жылы Орталық Азия кеңістігіндегі өркениеттік, ұлттық және идеялық болмысты публицистикалық-философиялық тұрғыда пайымдаған Марат Барманқұловтың «Хрустальные мечты тюрков о квадронации[1]» атты еңбегі жарық көрді. Автор «түркілердің нәзік арманы» ұғымы арқылы тарихи үміттер мен болашаққа бағытталған рухани ізденісті сипаттайды. Ол «квадро-ұлт» (төрттағанды идеялық құрылым) концепциясын ұсынып, түркі өркениетін жаңғыртудың өзіндік моделін ұсынады. Кітапта түркі халықтарының ортақ тарихи жады, рухани сабақтастығы мен болашақ мұраты өзара байланысты құндылықтар жүйесі ретінде қарастырылған. Ғалым түркі өркениетінің өміршеңдігін «теңдік» пен «қабылдау» қағидаттарымен байланыстырады. Түркі қағанаттарындағы «құлды – ұл, күңді – қыз» ету дәстүрі әлеуметтік инклюзияның тарихи үлгісі болды. Яғни қоғамға кірген әр адам шығу тегі мен дініне қарамастан тең мүмкіндікке ие болған.
«Квадро-ұлт» ұғымындағы ерекше ұғым – «теңдік» мәселесі. ХХ-ХХІ ғасырларда «батыстық» сарынның жетегімен айтылып келе жатқан, өзгелерді нәсіліне, түріне, дініне, көзқарасына және жынысына қарай алаламау көшпенді өркениеттің тасында қашалып жазылған.
Көшпенді мемлекеттердің ең басты артықшылығы да осы – «теңдік» түсінігі еді. Кез-келген еркін азамат Түркі қағанаттарына қосылып, өз арман-мақсатына ұмтыла алатын. Қазіргі уақытта бұл түсінік қиын қабылдануы мүмкін. Тіпті, Н. Назарбаев Қазақстандық ұлт түсінігін ұсынғанда басым көпшілік жағымсыз қабылдағаны да анық. Ал, өзіміз іштей болса да еліміз АҚШ-тай болса ғой дейтін Америка шынымен да «квадро-ұлт тіпті квадро-нәсіл» қоғамын қалыптастыра білді. 2025 жылы АҚШ-тың ең негізгі қаласы Нью-Йорк қаласының мэрі – 1991 жылы Уганданың Камала қаласында туылған, 7 жасында ғана Нью-Йорк қаласына келген, діни көзқарасы бойынша мұсылман-шейіт Зохран Мамдани сайланды. АҚШ президенті Д. Трамптың бұл кандидатты қаламағанына қарамастан, З. Мамданидің ашық түрде мұсылмандарды, Палестинаны қолдайтын көзқарастарына қарамастан, Нью-Йорк қаласының басшысы ретінде сайлауда жеңіске жете алды. Біздің қоғамда (Орталық Азияда) елімізге сырттан келген, діни көзқарасы мен нәсілі бөлек адамның ірі мэгаполис басшысы бола алатындығына сенесіз ба?
Бұл идеяны бүгінгі заманға бейімдеп, біз «квадро-аймақ» ұғымын ұсынамыз. Оның мәні – Орталық Азия мемлекеттерінің өзара бәсекеге емес, бір-бірінің артықшылықтарын толықтырып, ортақ әлеует қалыптастыруға негізделген ынтымақтастығы. Мәселен, Қазақстанның энергетикасы, Өзбекстанның агросекторы, Түрікменстанның газы, Қырғызстанның су ресурстары, Тәжікстанның сирек металдары – біртұтас экономикалық модельдің элементтері бола алады.
Хантингтонның «өркениеттер қақтығысы» тұжырымдамасы мәдени айырмашылықтар қақтығысқа әкеледі дейді. Алайда Орталық Азия тәжірибесі керісінше: бұл аймақ – мәдениеттер тоғысының, синтезінің үлгісі. Түркі-парсы ықпалы, исламдық дәстүр мен зайырлы даму, Ұлы Жібек жолының мұрасы – бәрі осы кеңістікте үйлесім тапқан.
Бүгінде Орталық Азияның біртұтас өркениет ретінде танылмауының басты себебі – аймақ елдерінің өздерін ортақ өркениеттік қауымдастық ретінде сезінбеуі. Ұлттық мемлекет құру үдерісі аймақтық бірегейлікті әлсіретті. Бұған саяси мүдделердің әртүрлілігі, су ресурстары мәселесі және сыртқы ойыншылардың ықпалы да әсер етіп отыр.
Орталық Азияның өркениеттік жаңғыруы үшін:
ортақ тарихи сана қалыптастыру,
білім мен ғылымда бірлескен жобаларды дамыту,
экономикалық интеграцияны тереңдету,
аймақтық институттарды күшейту қажет.
«Квадро-аймақ» – осы мақсаттарға жетудің теориялық моделі. Оның негізгі құндылықтары – теңдік, қабылдау және өзара үйлесім. Егер бұл қағидаттар жүзеге асса, Орталық Азия жаһандық деңгейде дербес өркениеттік субъект ретінде орныға алады.
Орталық Азияның мұраты – бірлік. «Тәуелсіздікті» тек бірлік арқылы ғана сақтай аламыз. Бір қолдың бес саусағындай бес мемлекет бір болайық!
Жекенов Думан Құрманғазыұлы
P.S. Ғылыми ойталқыға, пікірталасқа ашықтығымызды білдіргіміз келеді
[1] М. Барманкулов Хрустальные мечты тюрков о квадронации. - Алматы: ОФ БИС, 1999. - 416 с. -ISBN 9965905630