«ӘЛЕМДІК БАСҚАРУ» ЖӘНЕ ЖАСЫРЫН ИДЕОЛОГИЯ: ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ҮШІН СЫНАҚТАР
Либерализмнің логикалық жалғасы саналатын неолиберализм ХХ ғасырдың соңында халықаралық қатынастар теориясында үстем бағыттардың біріне айналды. Кей жағдайда ол дербес теориялық мектеп ретінде транснационализм деп те аталады. Неолибералдар жаһандану үдерістерін, біртұтас экономикалық, ақпараттық және мәдени кеңістіктің қалыптасуын оң құбылыс ретінде бағалап, осы үрдістердің түпкі нәтижесі ретінде «әлемдік басқару» (global governance) тұжырымдамасын ұсынады.
Бұл бағыттың негізгі өкілдері – М. Дойл, Дж. Розенау, Дж. Най және Р. Кеохейн. Роберт Кеохейн мен Джозеф Найдың пікірінше, қазіргі халықаралық жүйеде мемлекеттер арасындағы қатынастар тек әскери күшке сүйенбейді. Керісінше, экономикалық өзара тәуелділік, халықаралық институттар мен «жұмсақ күш» тетіктері барған сайын маңызды бола түсуде. Әскери «қатты күштің» шығыны жоғары, ал жұмсақ күш ұзақ мерзімді ықпал етуге қабілетті.
«Әлемдік басқару» ұғымы және аймақтық қабылдау
«Әлемдік басқару» түсінігі Орталық Азия мемлекеттері үшін бастапқыда күмән тудыратыны заңды. Себебі аймақ елдері үшін тәуелсіздік пен егемендік – аса сезімтал ұғымдар. Алайда бұл тұжырымдама мемлекеттерді жоғарыдан басқару немесе таңдау құқығынан айыруды көздемейді. Керісінше, ол халықаралық нормалар, институттар, үкіметтік емес ұйымдар мен трансұлттық корпорациялар арқылы мемлекеттер арасындағы қатынастарды үйлестіруді мақсат етеді.
Дегенмен, «таңдау құқығы» мәселесі өздігінен жаңа сұрақтар туындатады. Таңдау еркіндігі – қателесу мүмкіндігін де бірге алып жүреді. Осы тұрғыдан алғанда, Орталық Азия қоғамдарының «дұрыс таңдау жасау қабілеті» қаншалықты дамыған деген мәселе өзекті. Неолибералдық құндылықтар тартымды болғанымен, оларды бей-берекет енгізу әлеуметтік және мәдени қайшылықтарға алып келуі мүмкін.
«Жеке жауапкершілік» және әлеуметтік саясат
Неолиберализмнің тағы бір маңызды қағидасы – жеке жауапкершілік. Бұл бағыт өкіметтің экономикаға ғана емес, әлеуметтік салаға шамадан тыс араласуын да сынға алады. Әлеуметтік көмектің шектен тыс болуы азаматтардың еңбекке деген ынтасын әлсіретеді деген уәж алға тартылады.
АҚШ тәжірибесі бұл пікірге жиі дәлел ретінде келтіріледі. 1980–1990 жылдары әлеуметтік жәрдемақылардың кейбір түрлері қысқартылып, нәтижесінде еңбек нарығына қатысу деңгейі артқаны байқалды. Қызығы, осыған ұқсас мәселелер соңғы жылдары Қазақстанда да көтеріліп отыр. Мемлекет басшысының әлеуметтік масылдық, толық емес отбасы институты және жеке жауапкершілік туралы айтқан сындары – неолибералдық дискурспен үндес.
Алайда мұнда қайшылық бар: бір жағынан жеке жауапкершілікке үндесе отырып, екінші жағынан шағын және орта бизнеске әкімшілік бақылаудың күшейтілуі осы қағиданың толық жүзеге асуына кедергі келтіруде. Бұл – неолибералдық ұстанымдардың аймақтық шындықпен бетпе-бет келген тұсы.
Неолиберализм мен неореализм: Орталық Азия тәжірибесі
Халықаралық қатынастар теориясында «әлемдік басқару» идеясы неолиберализмнің негізгі бастамаларының бірі саналады. Ал неореализм, керісінше, халықаралық саясатта күш балансы мен ұлттық қауіпсіздік шешуші рөл атқарады деп есептейді. Кеннет Уолтц негізін қалаған бұл бағыт бойынша халықаралық институттар – мемлекеттердің еркіне тәуелді құралдар ғана.
Орталық Азия тәжірибесі екі көзқарастың да шектеулі әрі пайдалы тұстарын көрсетеді. Қазақстанның ядролық қарусыздану бастамалары, БҰҰ алаңындағы белсенділігі немесе су дипломатиясы неолибералдық тетіктердің тиімділігін дәлелдесе, аймақтағы қауіпсіздік мәселелерінде Ресей, Қытай және АҚШ сияқты державалардың ықпалы неореалистік логиканың үстем екенін көрсетеді.
Сондықтан аймақ үшін ең ұтымды жол – гибридті модель: геосаяси күш балансын да, институтционалдық ынтымақтастықты да қатар пайдалану.
Жасырын идеология және теория мәселесі
Соңғы жиырма жылда халықаралық қатынастар теорияларына қатысты сыни көзқарастар күшейді. Классикалық «батыстық» теориялардың жасырын идеологиялық мазмұны бар екендігі жиі айтылуда. Тіпті Ф. Фукуяманың өзі либерализмнің дамуында асыра сілтеушіліктер болғанын мойындайды.
Канадалық ғалым Роберт Кокс бұл мәселеге нүкте қойғандай әйгілі тұжырым жасады: «Теория әрқашан біреу үшін және белгілі бір мақсат үшін жазылады[1]». Яғни, теория ешқашан бейтарап емес. Орталық Азияға қатысты батыстық, ресейлік немесе қытайлық еңбектердің әрқайсысы аймақты өз мүддесіне сай сипаттайды.
Осы тұрғыдан алғанда, аймақтың болашағын тек сырттан келген теориялар арқылы түсіндіру жеткіліксіз. Көшпелі мұра, посткеңестік трансформация, географиялық орналасу мен ішкі әлеуметтік күштерді ескеретін Орталық Азиялық теориялық мектептің қалыптасуы – уақыт талабы.
Қорытынд
«Әлемдік басқару» идеясы Орталық Азия үшін әрі мүмкіндік, әрі сын. Оның институционалдық ынтымақтастыққа негізделген тетіктері экономикалық даму үшін маңызды болғанымен, мәдени, әлеуметтік және саяси ерекшеліктер ескерілмесе, кері салдар туындауы мүмкін. Сол сияқты, халықаралық қатынастар теорияларының жасырын идеологиялық сипатын түсіну аймақтың өз мүддесіне сай ғылыми тәсіл қалыптастыруға жол ашады.
Негізгі сұрақ ашық күйінде қалады:
Орталық Азия өзін түсіндіруде кімнің теориясына сүйенуі керек – сыртқы орталықтардың ба, әлде өз ішінен қалыптасқан ғылыми көзқарастың ба?
Орталық Азияның мұраты – бірлік. «Тәуелсіздікті» тек бірлік арқылы ғана сақтай аламыз. Бір қолдың бес саусағындай бес мемлекет бір болайық!
Жекенов Думан Құрманғазыұлы
P.S. Ғылыми ойталқыға, пікірталасқа ашықтығымызды білдіргіміз келеді
[1] Cox R. Social Forces, States, and World Orders: Beyond International Relations Theory // Millennium-Journal of International studies, 1981, N10. pp. 126-155.