қаралымдар: 179 оқырман

ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ИНТЕГРАЦИЯ КЕРЕК ЕМЕС

Орталық Азияның мұраты – «бірлік» дейміз. «Бірлік» десек ойға бірден халықаралық қатынастардағы «интеграция» термині келеді. Интеграция – ортақ мақсатқа бірлесіп қол жеткізу мақсатында құрылған мемлекетаралық бірлестіктер, тіпті кей жағдайда түрлі елдердің бірігуіне әкелетін үдерістер. Ал мемлекет аралық институтцианалды ұйым құру дегеніңіз – өз мемлекетіңіздің шешім шығару, шешім қабылдау тетіктерінің бір бөлігін мемлекеттен жоғары институтқа беру деген сөз. Ал тәуелсіздікке сарыла жеткен, оның үстіне әлі де болса «ұлттық мемлекет» құру үдерісіндегі Орталық Азиялық «бесеу» мұндай ережеге келісуге ең бірінші кезекте «сана» деңгейінде дайын емес. «Тәуелсіздік» ұғымы – Орталық Азиялық мемлекеттер үшін ең құнды түсінік және бұл дұрыс. Дегенмен, халықаралық қатынастардың «күшті акторларының» ойыны сол «тәуелсіздігіңізді» сақтап қалу үшін «бірлік» керектігін, мықты аймақ қалыптастыру керектігін, сол аймақтың ортақ «иммунитеті» болуы керектігін түсіндіреді. Ендеше, «тәуелсіздік» ұғымында «санаға» салмақ салмай қалай бірігуге болады?

2019 жылы Фридрих Эберт атындағы қордың қолдауымен, Орталық Азиялық сарапшылар: Фарход Аминжонов, Рустам Бурнашев, Икболжон Корабоев, Ислам Кураев, Қайрат Молдашев, Гаухар Нұрша, Анастасия Решетняк, Андрей Чеботарев бірлескен «Орталық Азиядағы аймақтандыру: Қазақстан стратегиясы» атты аналитикалық жұмыс жарық көрді. Авторлар Орталық Азияда өтіп жатқан үдерістерді қалай атауға болады?- деген сұраққа: «Егер де интеграция туралы сөз қозғасақ, әдетте қарым-қатынастардың аймақтық ұйымдар түріндегі институционалдық формаларын құру деп түсініледі. Ал жай ғана ынтымақтастық десек, өте тығыз тарихи, мәдени, экономикалық және басқа да байланыстар орнаған аймақтың елдері үшін жеткіліксіз болатын секілді. Сондықтан біз «ортаазиялық аймақтандыру» терминін қолдануды ұсынамыз[1]»,- деп тұжырым жасайды. Бұл сарапшылар да «бірліктің» аса қажеттілігін түсінеді және жол іздеу барысында «жайлы аймақшылдық» тезиcтерін де алға тартады. Қарапайым тілмен айтқанда, «тәуелсіздікті» сақтай отырып, табиғи жолмен, ешкімнің ішкі құндылықтарына нұқсан келтірмей, «көршілердің» де көңілін бұзбай, баяу ғана, баяу да болса сапалы «аймақтануға» шақырады. Бірақ, бұл тұжырым сәтсіз болғанға ұқсайды. Ұсыныс тартымды болғанымен тым баяу және ұзақ құбылыс. Жылдам және өзгермелі халықаралық қатынастар жағдайында, қазіргі геосаяси сын-қатерлер сіздің біртіндеп «аймақтанғаныңызды» күтпейді. Соңғы жылдары, Орталық Азияның басшылары жиналған ресми кездесулерде де, одан кейін берілетін сұқбаттарда да бірде-бір ортаазиялық басшылар «аймақтану» (regionalization or regionalism) терминін пайдаланбады.

Орталық Азиядағы үдерістерді кешенді түрде зерттеп жүрген Ұлыбританиялық ғалым Филиппо К. Буранелли 2021 жылдан бастап, «Орталық Азиялық тәртіп» ұғымын ұсына бастады[2]. 2024 жылы The Astana times ақпараттық порталына берген сұқбатында да, Орталық Азияда болып жатқан үдерістерге «интеграция» немесе «аймақтану» ұғымдары емес «тәртіп ұғымы жақынырақ келеді деген пікір білдірді[3]. Дегенмен, бұл пікір де өз қолдаушыларын әлі де таба алған жоқ. Орталық Азиялық қоғам «ортақ тәртіп» ұғымының астарынан да «тәуелсіздікке» келетін сын-қатер сезінсе керек. Оның үстіне «Орталық Азиялық тәртіп» тұжырымы жұмыс жасауы үшін де, мемлекеттік және мемлекеттік емес (азаматтық) құрылымдық жүйелер кешенді жұмыстар атқаруы шарт.

2024 жылы 8 тамызда кездескен Орта Азия президенттері аймақ болашағы өте маңызды құжатқа қол қойды. Құжат «ОРТАЛЫҚ АЗИЯ – 2040» аймақтық ынтымақтастық даму тұжырымдамасы» деп аталады. Аталған құжатта «интеграция» термині мүлде қолданылмаған. Орталық Азиялық ынтымақтастық – өзара құрмет, өзара қолдау, теңдік және тату көршілікке негізделген бірегей қарым-қатынас деп көрсетілген.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Орталық Азиялық қарым-қатынастың нақты анықталған формуласы, түсініктемесі, сипаттамасы жоқ. Бір-ақ дүние түсінікті және анық. Орталық Азияның мұраты – бірлік. «Тәуелсіздікті» тек бірлік арқылы ғана сақтай аламыз. Бір қолдың бес саусағындай бес мемлекет бір болайық!

Жекенов Думан Құрманғазыұлы


[1] Орталық Азиядағы аймақтандыру: Қазақстан стратегиясы, Алматы 2019

[2] Costa Buranelli, F. (2021). Central Asian Regionalism or Central Asian Order? Some Reflections. Central Asian Affairs, 8(1), 1-26. https://doi.org/10.30965/22142290-bja10015

[3] https://astanatimes.com/2024/07/regionalism-trends-reshape-future-for-central-asian-states-says-expert/