қаралымдар: 268 оқырман

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕН ТҮРІКМЕНСТАНДАҒЫ ДЕМОКРАТИЯНЫҢ БОЛАШАҒЫ: ҮМІТ БАР МА?

Демократия – бұл жай ғана басқару жүйесі емес, ол адам құқықтары мен бостандықтарын, теңдік пен әділеттілікті көздейтін терең философиялық ұғым. Сондай философиялық ұғымдардың бірін АҚШ-тың 16-шы президенті Авраам Линкольн: «Демократия – бұл халықтың, халық арқылы және халық үшін басқаруы» – деп сипаттаған. Бұл қағида, әсіресе, бүгінгі Орталық Азия мемлекеттері үшін ерекше өзекті. Аймақтағы елдер кеңестік тоталитарлық жүйеден кейін егемендігін алып, әрқайсысы өз даму жолын іздей бастады. Осы жолда демократияны қалыптастыру – күрделі де көп қырлы үдеріс болып отыр.

Орталық Азия елдеріндегі демократия деңгейінің төмендеуі жалғасуда. The Economistсарапшылары осындай қорытындыға келді. Олар 2024 жылға арналған демократия индексін құрастырды. Қырғызстан аймақтағы ең демократиялық ел болып танылса, ал ең нашар жағдай Түркіменстанда. Демократияның құлдырауы – әлемдік үрдіс.

The Economist журналының мәліметінше, Орталық Азияның бес елінің екеуі ең төменгі көрсеткішке ие елдердің қатарында. Сөз болып отырған елдер Түрікменстан мен Тәжікстан: «Демократия индексі Орталық Азияның барлық елдерінде төмендеді немесе өзгеріссіз қалды. Түрікменстан 2020 жылдан бері өзгермеген 1.66 индексімен 161-ші орынға ие болып, аймақтағы соңғы орында тұр. Тәжікстан индексі 2023 жылы 1.94-тен 1.83-ке дейін төмендеп, 159-шы орында. Бұл президент Эмомали Рахмон саяси жүйені толық бақылауда ұстайтындықтан, саяси қатысу көрсеткіштерінің нашарлауымен байланысты. Өзбекстан индексі де 2024 жылы 2.12-ден 2.10-ға дейін төмендеді, бірақ ел басқа елдердегі айтарлықтай нашарлау арқылы екі позицияға (146-шы) көтерілді.

Рейтинг құрастырушылардың пікірінше, Қырғызстан Орталық Азия елдері арасында демократия бойынша ең жақсы (111-ші) жағдайға ие. Алайда 2024 жылы ел бұрынғы көрсеткіштерін нашарлатып, 3,52-ге дейін төмендеді. 2023 жылы 3,72 болса, 22 жылы 3,89 болды. Негізгі құлдырау сайлау процесінің нашарлауымен және БАҚ-қа қысымның күшеюімен байланысты. Қазақстан жалпы әлемдік индексте 3.08 – 118-орын индексімен авторитарлық режимдер тобында қалып, өз позицияларын өзгерткен жоқ. Зерттеу демократия дағдарысы тек жекелеген аймақтарда ғана емес, бүкіл әлемде де байқалатынын атап өтті.

Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтбаевтың айтуынша, The Economist құрастырған рейтинг нақты көрініске сәйкес келеді. Орталық Азия елдері өз режимдерін демократияландыруға ұмтылмайды. Керісінше, олардың барлығында дерлік азаматтық қоғам бар болса, оған қысым күшеюде.

Демократиядағы кең таралған көңілсіздік индекске негізделген сауалнама деректерімен расталады. Бұл деректерді талдау халықтың бүгінгі демократияның жай-күйіне деген наразылығының себептерін түсіну үшін маңызды. Ресми демократиялық институттардың болуы қоғамдық қолдауды қамтамасыз ету үшін өздігінен жеткіліксіз екені анық, әсіресе егер бұл институттар өздерінің нақты ықпалын жоғалтқан болса және шешімдер қабылдауға ықпал ету қабілетін жоғалтқан болса. Жалпы, Economist Intelligence Unit (EIU) 2006 жылдан бастап жыл сайын әлемдегі демократияның жай-күйін талдап келеді. 2024 жылғы есеп 167 ел мен аумақты қамтиды, оларды бес критерий бойынша бағалайды (0-ден 10-ға дейін): сайлау процесі және плюрализм, басқару тиімділігі, саяси қатысу, саяси мәдениет және азаматтық бостандықтар. Нәтижесінде елдер төрт түрге бөлінеді: толыққанды демократия, жетілмеген демократия, өтпелі режимдер және авторитарлық режимдер.

Авторитарлық режимдегі мемлекеттің бірі Түрікменстан. Түрікменстан – Орталық Азиядағы ең жабық, ең авторитарлық жүйеге ие мемлекеттердің бірі. Елдегі демократияның қазіргі ахуалына келсек, жағдай күрделі ғана емес, толықтай тоқыраған деуге болады. The Economist деректеріне сүйенсек, Түрікменстан демократия индексінде 1.66 ұпаймен 161-орында тұр. Бұл – әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі болып табылады. Бүгінгі таңда зерттеп, оқып, қарап жүрген жаңалықтарға сүйенетін болсам, Түрікменстан халқы – саяси ерік-жігері тұншықтырылған, үкіметке сенуден қалған қоғам екені көрінеді. Экономикалық жағдайы да мәз емес: азық-түлік тапшылығы, жұмыссыздық, инфляция – бұл халық күнделікті бетпе-бет келіп отырған шындық. Алайда, мұның бәрі мемлекеттік БАҚ-та айтылмайды, керісінше, елдегі "гүлдену мен тұрақтылық", кезекті бір шетелдік компаниялармен келісімшарт жасасуы, және тек басшылықтардың кезекті кездесулері туралы хабарламалармен алмастырылады. Көптеген азаматтар елде болашағы жоқ екенін түсініп, эмиграцияға бет бұрған. Түрікмен билігі шетелге шығу мүмкіндіктерін де шектей түскен, әсіресе жастар мен әйелдер үшін. Мұндай шаралар – биліктің қоғамды толық бақылауда ұстауға тырысуының айқын белгісі.

Түрікменстан – бүгінгі таңда Орталық Азиядағы демократиядан ең алыстағы ел. Бірақ бұл жағдай мәңгілік емес. Аймақ елдері арасындағы өзара ықпалдастық, технологияның таралуы, жаңа буынның көзқарасы – ерте ме, кеш пе, Түрікменстанға да өзгеріс лебін әкелуі мүмкін деп ойлаймын. Демократия – сырттан таңылатын жүйе емес, ол халықтың өз ішінен жетілетін қажеттілік. Сондықтан ел ішіндегі азаматтық белсенділік, ақпаратқа қол жеткізу, білім алуға ұмтылыс – Түрікменстанның болашақ демократиялық мүмкіндіктерінің кілті болмақ.

Байсалбек Олжас Айтжанұлы