қаралымдар: 201 оқырман

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ҮШЖАҚТЫ КЕЗДЕСУ: CENTRAL ASIAN DREAM-ГЕ ҚАДАМ БА?

2025 жылғы 31 наурызда Худжанд қаласында Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан президенттерінің үшжақты кездесуі өтті. Бұл саммит Орталық Азиядағы аймақтық саясаттың жаңа кезеңін бейнелеп, елдердің ортақ мәселелерді өз бетінше шешуге және тұрақты дамудың тиімді моделін қалыптастыруға деген ұмтылысын көрсетті. Бүгінде бір нәрсе айқын: егер Еуропа Еуропалық Одақты құра алса, Орталық Азия неге Central Asian Dream – біртұтас, тұрақты және өркендеген аймаққа айналуға ұмтылмасқа?

Бөлшектенуден бірлікке: бұл мүмкін бе?

Орталық Азия ежелден түрлі халықтар мен мәдениеттер тоғысқан, экономикалары өзара байланысқан аймақ болғанымен, ресурстарға бәсекелестік оны жиі бөлшектеді. Алайда қазіргі әлемнің өзгерістері мен XXI ғасырдың сын-қатерлері өңір елдерінен бәсекелестіктен ынтымақтастыққа көшуді талап етеді.

Бұдан бірнеше жыл бұрын Қырғызстан мен Тәжікстан президенттерінің шекаралық қақтығыстардан кейін бір келіссөз үстеліне отыруы қиын елестетілетін жағдай еді. Ал бүгін Ходженттегі саммит жаңа үрдісті көрсетіп отыр – Орталық Азия көшбасшылары аймақтық бірігу мен ынтымақтастықсыз тұрақты даму мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін еместігін барған сайын тереңірек түсінуде.

Тарихи келісім: шекараларды түпкілікті реттеу

Кездесудің басты нәтижесі – Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан арасындағы мемлекеттік шекаралардың түйіскен нүктесі туралы келісімге және мәңгілік достық туралы декларацияға қол қойылуы болды. Құжаттар Худжандтағы саммитте қабылданды.

Шекаралардың түйіскен нүктесі – Өзбекстанның Ферғана, Қырғызстанның Баткен және Тәжікстанның Соғды облыстарының шектесетін жерінде орналасқан. Бұл мәселе 17 жыл бойы талқыланып, 2024 жылы түпкілікті шешімін тапты.

2024 жылғы қаңтарда үш елдің үкімет басшылары шекара түйісетін жерде кездесіп, шекаралық стелла орнату бастамасын мақұлдады.

Бұл келісім ұзақ жылғы шекаралық келіссөздерді аяқтады. 2022 жылы Кемпір-Абад су қоймасы Өзбекстанға, ал оған тең аумақтар Қырғызстанға берілді. Осы әдіспен Қырғызстан мен Тәжікстан шекаралары да келісілді.

2025 жылғы 13 наурызда Бішкекте Жапаров пен Рахмон келісімге қол қойып, бүгін Худжандта ратификациялық грамоталармен алмасты. Президенттер бұл құжаттарды аймақтық ынтымақтастықтың үлгісі деп атады.

Central Asian Dream-ге жетелейтін әрекеттер

Қазақстан бұл кездесуге қатысқан жоқ, себебі Худжандтағы саммит Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан арасындағы шекараларды түпкілікті реттеуге байланысты үшжақты мәселелерге арналып ұйымдастырылған болатын. Қазақстан Тәжікстан мен Қырғызстанмен осы нақты аймақта ортақ шекаралары болмағандықтан, келіссөздердің тікелей қатысушысы болмады.

Худжандтағы саммит барысында Орталық Азиядағы аймақтық ынтымақтастықтың негізгі басымдықтары айқындалды:

 1. Бірыңғай экономикалық кеңістік

Ортақ инфрақұрылымдық жобаларды дамыту, кедендік рәсімдерді жеңілдету, еркін экономикалық аймақтарды құру – өңірлік экономикалық интеграцияға жасалған маңызды қадамдар. Егер елдер экономикалық стратегияларын үйлестірсе, бұл аймақтық дамуға серпін береді.

2. Бірлескен энергетикалық стратегия

Тәжікстан мен Қырғызстан мол гидроэнергетикалық ресурстарға ие, алайда олардың тиімді пайдаланылуы – өзекті мәселе. Өзбекстан мен Қазақстан тұрақты электр энергиясына мұқтаж. Ортақ энергетикалық стратегияны әзірлеу аймақтың энергетикалық қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

3. “Орталықазиялық Шенген”

Қырғызстан президенті аймақ үшін бірыңғай туристік виза енгізуді ұсынды. Егер бұл бастама жүзеге асса, аймақтық саяхат жеңілдеп, туризм саласы қарқынды дамиды. Бұл тек экономикалық пайда әкеліп қана қоймай, халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайтады.

  4. Қауіпсіздік және даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешу

Шекаралық қақтығыстар – аймақтағы өзекті мәселелердің бірі. Алайда үшжақты келіссөздер ымыраға келуге жол ашады. Болашақта шекаралық дауларды реттеудің бірыңғай аймақтық механизмі құрылуы мүмкін. 

Central Asian Dream жолындағы кедергілер қандай болуы мүмкін?

  • Аймақтағы оң өзгерістерге қарамастан, өңірлік бірлікке жету жолында бірнеше маңызды қиындықтар бар:
  • Әр елдің экономикалық моделі мен сыртқы саясаттағы басымдықтарының айырмашылығы;
  • Толық шешімін таппаған шекаралық даулардың уақыт өте ушығу қаупі;
  • Орталық Азияның бірігуіне мүдделі емес сыртқы ойыншылардың ықпалы.

Дегенмен, Central Asian Dream-нің басты идеясы – аймақтың болашағы өз мемлекеттерінің қолында екенін түсіну. Елдер ортақ шешімдер қабылдаудың маңыздылығын қаншалықты тез ұғынса, дамуға деген мүмкіндіктері де соншалықты жоғары болмақ.

Қорытындылай келе, Худжандтағы саммит Орталық Азияның дұрыс бағытта дамып келе жатқанын көрсетті. Толыққанды аймақтық одақ құру туралы айтуға әлі ерте, бірақ Central Asian Dream-ге қадамдар айқын көріне бастады. Егер ел басшылары ынтымақтастық пен интеграция бағытын ұстануды жалғастырса, болашақта бұл елдер көрші мемлекеттер ғана емес, өз күн тәртібін дербес қалыптастыра алатын бірыңғай Орталық Азия кеңістігіне айналуы мүмкін. 

Апсаттарова Гулзада Абдусагатовна

«Central Asian Dream» жобасының 

Өзбекстан бойынша сарапшысы