ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ 2025 ЖЫЛҒЫ ДАМУ ҮРДІСТЕРІ: САЯСАТ, ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ҚОҒАМ
Қырғызстан үшін 2025 жыл әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты нығайту, халықаралық көрсеткіштердегі орнын айқындау және ұзақ мерзімді дамудың негізгі басымдылықтарын белгілеу кезеңі болды. Елдегі негізгі саяси оқиғаларға тоқталмас бұрын, экономикалық көрсеткіштерге шолу жасасақ. 2025 жылы Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ішінде ЖІӨ өсу қарқыны, инвестиция тарту еңбек миграциясынан келетін кірістің өсімі бойынша көшбасшы ел атанды[1].
Сонымен қатар, экономикасы ең жылдам дамушы ел ретінде әлемде алғашқы үштікке кірді, бұл елдегі аталған саладағы реформалар мен дұрыс таңдалған экономикалық стратегияның әсері. Экономикалық саладағы оң көрсеткіштерден бөлек, Қырғызстан халықаралық қатынастарда, ғылым, мәдениет және спорт салаларында біршама жетістіктерге жетті.
Ел президенті Садыр Жапаров 2025 жылды қорытындылау барысында жыл бойында орын алған маңызды оқиғаларға тоқталды[2].
Шекара мәселесі. Президент өткен жылға көз жүгіртіп, Тәжікстанмен шекара мәселесінің шешілуі ұзақ жылдарға созылған ең үлкен нәтиже екенін атап өтті. Екі ел арасындағы шекараның шамамен жартысына жуығы, яғни 500 шақырымдай аумақ, ұзақ уақыт бойы даулы территориялар саналып келді, онда жер телімдері шахмат тәртібімен араласып жатқан болатын. Бұл аймақтарда қақтығыстар мен қарулы жанжалдар жиі орын алды. 2022 жылы Садыр Жапаров пен Эмомали Рахмон барлық келіспеушіліктерді саяси-дипломатиялық жолмен реттеу жөнінде келісімге келді. Белгіленген мақсатқа жету жолында тараптар 3,5 жылдан астам уақыт жұмыс жүргізді.
Халықаралық ұйымдардағы төрағалық. 2025 жылы Қырғызстанның сыртқы саясатында орын алған маңызды оқиғалар елдің Ұжымдық Қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымы (ҰҚШҰ) және Түркі Мемлекеттері Ұйымына (ТМҰ) төрағалық етуі. ҰҚШҰ төрағалық ету барысында ел бірқатар маңызды іс-шаралар өткізді, олардың қатарында Сыртқы істер министрлері кеңесінің, Қорғаныс министрлері кеңесінің отырыстары, сондай-ақ ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының саммиті бар. Сонымен қатар, ондаған бірлескен әскери жаттығулар өткізілді, олардың ішінде Қырғызстанда өткен «Рубеж-2025», Беларусияда ұйымдастырылған «Эшелон-2025» және Тәжікстандағы «Нерушимое братство-2025» жаттығулары бар[3]. Ал, Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалықты ала отырып, ел басшылығы түркі әлемін нығайтуға, экономикалық және цифрлық ынтымақтастықты тереңдетуге басымдылық беретінін мәлімдеді. ҰҚШҰ және ТМҰ сияқты маңызды ұйымдарға төрағалық – Қырғызстанның әлемдік аренадағы беделінің артуына септігін тигізгені анық.
Елдегі жаңа тіл саясаты. ҚР президенті Садыр Жапаров 2025 жылғы 25 маусымда ҚР Жогорку Кенеші қабылдаған «Мемлекеттік тілді қолдану мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы» заңға қол қойды. Заң жобасын қоғамдық талқылау барысында түрлі пікірлер туындап, енгізілген толықтырулар мен өзгертулер елдің Негізгі заңына қайшы келетіні айтылған. Сонымен қатар, аймақтағы тіл мәселесіне байланысты белсенділікті ескерсек, бұл елдегі саяси толқуларға алып келуі мүмкін. Қоғамдағы тіл саясатына байланысты тепе-теңдікті сақтау сұранысына қарамастан, мемлекет басшысы заңнамаға енгізілген өзгерістерге қол қойды. Алайда, президент орыс тілінің елдегі мәртебесі өзгермейтінін мәлімдеді[4].
Мерзімінен бұрынғы парламенттік сайлау. Қырғызстанда жылдың соңында, яғни 30 қарашада болған кезектен тыс парламенттік саялау өткізілді. Сайлау көпмандатты округтер мен гендерлік квота енгізілген жаңартылған сайлау жүйесі бойынша өткізілді. Бұл өзгерістер мемлекеттің саяси архитектураны қайта қарауға және билік органдарындағы әйелдердің өкілдігін арттыруға ұмтылысын көрсетеді. Қаулыға сәйкес, Қырғыз Республикасының Орталық сайлау комиссиясы 30 көпмандатты сайлау округінде сайлауды өтті деп таныды. Дауыс беру қорытындысы бойынша 29 округте Жогорку Кенештің 87 депутаты сайланды. 2025 жылғы 30 қарашада өткен Жогорку Кенеш депутаттарының мерзімінен бұрынғы сайлауына Қырғыз Республикасының 4 294 243 азаматы сайлаушылар тізіміне енгізілді. Дауыс беруге 1 584 446 сайлаушы қатысты, бұл сайлаушылардың жалпы санының 36,90 пайызын құрайды[5].
2025 жыл Қырғызстан үшін нәтижелі әрі табысты жыл болғаны анық, алайда өзіндік қиыншылықтары да кездесті. Экономикадағы, саясаттағы қол жеткізілген нәтижелерді алдағы уақытта ұстап тұру және одан ары өсім көрсету, қазіргі таңдағы Қырғызстан үшін басты мақсаттардың бірі.
Мухаметжан Ақбота Ерлікқызы
[1] Макроэкономический прогноз 2026–2028. https://eabr.org/analytics/ceg-quarterly-reviews/macroeconomic-outlook-2026-2028/
[2] О чем говорилось в поздравлении Садыра Жапарова с Новым годом? https://kaktus.media/doc/538123_o_chem_govorilos_v_pozdravlenii_sadyra_japarova_s_novym_godom.html
[3] Генеральный секретарь ОДКБ Имангали Тасмагамбетов дал интервью ТАСС. https://odkb-csto.org/news/news_odkb/generalnyy-sekretar-odkb-imangali-tasmagambetov-dal-intervyu-tass/#loaded
[4] Закон о государственном языке - какие требования и меры предусмотрены. https://ru.kabar.kg/news/zakon-o-gosudarstvennom-yazyke-kakie-trebovaniya-i-mery-predusmotreny/
[5] ЦИК КР утвердила итоги досрочных выборов депутатов Жогорку Кенеша. https://shailoo.gov.kg/ru/news/8402/