ТҮРІКМЕНСТАН МЕН ИРАН: АЙМАҚТЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ
Каспий маңы мемлекеттері арасындағы экономикалық ынтымақтастық аймақтағы тұрақтылық пен даму үрдістерін айқындайтын маңызды факторлардың бірі болып табылады. 17-18 ақпанда Тегеранда өткен III Каспий экономикалық форумында Әзербайжан, Иран, Ресей, Түрікменстан және Қазақстан өкілдері сауда, көлік, энергетика және инвестиция мәселелерін талқылап, өңірлік кооперацияны нығайтуға бағытталған бірқатар бастамалар көтерді. Каспий теңізі маңындағы логистикалық инфрақұрылымды дамыту, транзиттік дәліздерді кеңейту және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері форумның негізгі тақырыптары ретінде қарастырылды. Сондай-ақ, форумда қоршаған ортаны қорғау, гидрометеорологиялық зерттеулер және туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері де көтерілді. Форумның қорытындысы бойынша бес мемлекет арасында ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындайтын Бірлескен коммюнике қабылданды.
Түрікменстанның аймақтық және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған ұсыныстары айрықша назарға ие болды. Атап айтқанда, Түрікменстанның вице-премьері Ходжамырат Гелдимырадов Каспий маңы мемлекеттеріне бірлескен логистикалық орталықтар құруды ұсынды. Оның айтуынша, бұл бастама көлік-логистика байланыстарын нығайтуға және аймақтық сауда көлемін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, Түрікменстан "Солтүстік-Оңтүстік" көлік дәлізі мен Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңыздылығын атап өтіп, олардың әлеуетін толық пайдалануға шақырды.
Иран мен Түрікменстан арасындағы экономикалық және саяси ынтымақтастық соңғы жылдары қарқын алып келеді. Тегеранда өткен форум аясында Түрікменстан делегациясы Иран Президенті Масуд Пезешкианмен және бірінші вице-президент Мұхаммед Реза Арефпен кездесті. Иран президенті екі ел арасындағы сауда айналымын бірнеше есе арттыруға үлкен мүмкіндіктер бар екенін атап өтті. Өз кезегінде Түрікменстанның вице-премьері Ходжамырат Гелдимырадов Иранды стратегиялық серіктес ретінде қарастыратынын және екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.
Түрікменстанның табиғи газын Иран арқылы тасымалдау екіжақты экономикалық байланыстың маңызды бөлігіне айналып отыр. Сонымен қатар, логистикалық және транзиттік инфрақұрылымдарды интеграциялау, аймақтық сауда айналымын арттыру мәселелері күн тәртібінде тұр. Түрікменстан мен Иран бірлескен логистикалық орталықтар құру туралы бастама көтеріп, бұл жобалардың көлік шығындарын азайтуға және өңірлік ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал ететінін мәлімдеді.
Түрікменстан мен Иран арасындағы серіктестік Орталық Азия мен Таяу Шығыстың геосаяси құрылымына ықпал етуі мүмкін. Бір жағынан, бұл ынтымақтастық Түрікменстанның Иран арқылы халықаралық нарықтарға шығуын жеңілдетсе, екінші жағынан, Иран үшін солтүстік бағыттағы көлік дәліздерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл үрдіс аймақтағы логистикалық жүйелердің дамуына, трансшекаралық сауда көлемінің ұлғаюына және экономикалық өзара тәуелділіктің күшеюіне алып келуі мүмкін.
Түрікменстан мен Иран арасындағы экономикалық және саяси ынтымақтастықтың даму динамикасы екі елдің аймақтық және жаһандық процестерге әсерін күшейтіп келеді. III Каспий экономикалық форумы бұл байланыстарды одан әрі тереңдетуге мүмкіндік беріп, жаңа инвестициялық және көлік-логистикалық жобаларды іске асыруға негіз қалады. Сонымен қатар, Түрікменстан халықаралық деңгейде бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған бастамаларын алға тарта отырып, аймақтағы негізгі ойыншылардың бірі ретінде өз ұстанымын нығайтуда.
Байсалбек Олжас Айтжанұлы