қаралымдар: 233 оқырман

ТӘЖІКСТАН МЕН РЕСЕЙ АРАСЫНДАҒЫ 2030 ЖЫЛҒА ДЕЙІНГІ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

2025 жылғы 17 наурызда Мәскеуде Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон мен Ресей Президенті Владимир Путиннің кездесуі өтті. Келіссөздердің басты нәтижесі – екі ел арасындағы 2030 жылға дейінгі стратегиялық әріптестік бағдарламасының қабылдануы болды.

Тарихи тұрғыдан алғанда, Тәжікстан мен Ресей Федерациясы арасындағы қатынастар тұрақты саяси, әскери және экономикалық байланыстармен сипатталады. Ресей Тәжікстанның басты сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып табылады және еңбек миграциясының негізгі бағыты болып қала береді. Дүниежүзілік банктің мәліметтері бойынша, 2023 жылы Ресейден Тәжікстанға жасалған ақша аударымдарының көлемі 2,5 млрд АҚШ долларын құрап, бұл елдің ЖІӨ-нің шамамен 30%-ына тең болған. 2025 жылғы наурызда қол қойылған бағдарлама тараптардың стратегиялық ынтымақтастықты тереңдетуге деген ниетін көрсетеді.

Бағдарламаның басты бағыттарының бірі – әскери және әскери-техникалық саладағы ынтымақтастықты кеңейту. Атап айтқанда, тараптар Ресейдің шетелдегі ең ірі әскери нысаны болып табылатын 201-ші әскери базасының Тәжікстан аумағында жұмысын жалғастыруын мақұлдады. Сондай-ақ базаның инфрақұрылымын жаңарту, оның ішінде әскери қызметшілерді орналастыру жағдайларын және техникалық қамтамасыз етуді жақсарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, ҰҚШҰ аясында бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізілуде, оған Тәжікстан белсенді қатысып келеді. Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша, 2024 жылы 201-базада шамамен 7 мың әскери қызметкер бар. 2023 жылы Тәжікстан аумағында 10-нан астам бірлескен оқу-жаттығу өткізілді, олардың кейбіріне Тәжікстан Шекара әскері бөлімшелері де қатысты. Ресейдің Стратегиялық зерттеулер және болжамдар институтының бағалауы бойынша, бұл әскери қатысу ТМД-ның оңтүстік шекараларында тұрақтылықты қамтамасыз етіп, Ауғанстаннан келетін қауіптердің алдын алуға көмектеседі.

Ауғанстандағы тұрақсыз жағдай мен Қытай мен Батыс елдерінің Орталық Азияға қызығушылығының артуы аясында, Душанбе мен Мәскеу арасындағы ынтымақтастықтың геосаяси маңызы арта түсуде. Ресей Тәжікстанды өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін стратегиялық алаң ретінде қарастырады. Халықаралық дағдарыс тобының (ICG) баяндамасына сәйкес, Тәжікстан сыртқы қауіпсіздік тұрғысынан Орталық Азиядағы ең осал елдердің бірі болып саналады. Сондықтан Ресеймен тығыз байланыстарды сақтау – Тәжікстанның сыртқы саясатындағы басым бағыт. БҰҰ деректеріне сәйкес, 2024 жылы Тәжікстанда 80 мыңнан астам ауған босқыны тіркелген, бұл елдің әлеуметтік инфрақұрылымына айтарлықтай жүктеме түсіреді.

Қорытындылай келе, Тәжікстан мен Ресей арасындағы 2030 жылға дейінгі стратегиялық әріптестік бағдарламасы қауіпсіздік саласын қамтитын өзара әрекеттестікті тереңдетуге берік негіз қалайды. Бағдарлама ережелерінің іске асуы Тәжікстанның орнықты дамуына және өңірлік тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қоса алады. Дегенмен, келісімдердің тиімділігі тараптардың саяси еркіне, экономикалық жағдайларға және өңірлік қауіпсіздік динамикасына тәуелді болады.

Cариева Ботагөз Берікқызы