қаралымдар: 204 оқырман

ТӘЖІКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІ ЭМОМАЛИ РАХМОННЫҢ ҚЫРҒЫЗСТАНҒА РЕСМИ САПАРЫ

2025 жылдың 12-13 наурызында Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның Қырғызстанға ресми сапары өтті. Бұл сапар Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдық тарихында аса маңызды оқиға болып саналады. Рахмонның бұл сапары екі ел арасындағы достықты нығайтуға, саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды тереңдетуге бағытталған жаңа кезеңнің бастамасы болды.

Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы дипломатиялық қатынастар Кеңес Одағының ыдырауынан кейін, 1991 жылы орнады. 1998 жылы Қырғыз Республикасының Президенті Асқар Ақаевтың шақыруымен алғашқы ресми сапар жүзеге асқан болатын. Содан бері екі мемлекет арасында 11 ресми сапар өтті, әрқайсысы өзара сенімділік пен ынтымақтастықтың негізін қалады. 2025 жылғы сапар да осы үрдісті жалғастырып, екі елдің стратегиялық серіктестігінің жаңа дәуіріне жол ашты.

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Тәжікстанмен достық және көршілік қатынастарды дамыту Қырғызстанның сыртқы саясатының басты басымдықтарының бірі екенін мәлімдеді. Бұл сөздер Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның сапары барысында тағы бір рет қуатталды. Рахмон екі елдің ортақ тарихы мен мәдениетін атап өтіп, халықаралық саясаттың маңызды мәселелерінде екі мемлекет ұқсас көзқарастарға ие екенін мәлімдеді.

Ең маңызды келісімдердің бірі - екі ел арасындағы мемлекеттік шекараны анықтау мәселесі. Шекара делимитациясы мен демаркациясына байланысты үкіметтік комиссиялардың жүргізген жұмыстары нәтижесінде екі ел үшін маңызды тарихи шешімдер қабылданды. Президент Рахмон бұл қадамды екі халық үшін де үлкен мәні бар тарихи оқиға деп бағалады.

Сонымен қатар, шекара мәселесін шешу жөніндегі маңызды келісім халықаралық деңгейде кеңінен қолдау тапты. БҰҰ, Еуропалық Одақ, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ), Ұжымдық Қауіпсіздік Шарт Ұйымы (ҰҚШҰ) сияқты халықаралық ұйымдар мен түрлі елдердің үкіметтері бұл қадамды аймақтағы тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін маңызды деп бағалады.

Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы стратегиялық серіктестік жаңа келісімдермен нығайтылды. Президенттер 5 келісім, 4 меморандум, 4 бағдарлама және 1 протоколға қол қойды. Сондай-ақ әуе және автобус тасымалдарын қайта бастау жоспарын жасады, соның ішінде шекара маңындағы маршруттары айқындалды. Нәтижесінде, 14 наурыздан бастап екі ел астаналары Душанбе – Бішкек және де Бішкек - Худжанд бағыттарындағы әуе рейстері іске қосылды.

Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы экономикалық байланыстарды дамыту мақсатында бірқатар маңызды келісімдер жасалды. Эмомали Рахмон екі мемлекет арасындағы сауда айналымын $500 миллионға дейін арттыру жөнінде келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді. Сонымен қатар, өнеркәсіп, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларында ынтымақтастықты кеңейту үшін екі ел арасында келісімдер жасалды.

Тәжікстан мен Қырғызстанның гидроэнергетикалық әлеуетін тиімді пайдалану мәселесі де басты назарда болды. Орталық Азиядан Оңтүстік Азияға электр энергиясын тасымалдауға арналған CASA-1000 жобасы аясында екі ел арасындағы энергетикалық ынтымақтастық тереңдетілді. Су ресурстарын бірлесіп басқару да маңызды тақырыптардың бірі болды, себебі бұл салалар екі елдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін стратегиялық маңызға ие.

Тәжікстан мен Қырғызстанның қауіпсіздік мәселелері бойынша ынтымақтастығы да осы сапардың басты бағыттарының бірі болды. Елдер терроризм, экстремизм, трансұлттық қылмысқа қарсы бірлескен шараларды күшейту үшін арнайы қызметтер арасындағы үйлестіруді арттыру туралы уағдаласты. Сондай-ақ, екі елдің азаматтары үшін қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бірқатар келісімдер жасалды.

Сапар барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелері де қарастырылды. Тәжікстан мен Қырғызстан халықтары арасында этникалық және мәдени байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударылды. Президенттер ұлттық "Алла Арча" паркін аралап, қолөнер көрмелерін тамашалап, шығармашылық интеллигенция өкілдерімен кездесулер өткізді. Бұл қадамдар екі ел арасындағы мәдени дипломатияның маңызды рөлін көрсетеді.

Қорытындылай келе, Эмомали Рахмонның Қырғызстанға ресми сапары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңін бастағанын көреміз. Бұл сапар барысында қол қойылған келісімдер мен меморандумдар Тәжікстан мен Қырғызстанның болашақта нығая түсер ынтымақтастығын айқындайды. Шекара мәселесінің шешілуі, экономикалық және энергетикалық ынтымақтастықтың кеңеюі, қауіпсіздік саласындағы бірлескен іс-шаралар және мәдени-гуманитарлық байланыстың күшеюі - бұл сапардың негізгі нәтижелері. Екі елдің арасындағы саяси және экономикалық байланыстардың тереңдеуі, аймақтық тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін маңызды қадам болары сөзсіз.

Сариева Ботагөз Берікқызы