ҚЫРҒЫЗ ЭКОНОМИКАСЫ ӨСІМІН САҚТАП ҚАЛА АЛАДЫ МА?
Соңғы уақытта Қырғыз Республикасы елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына назар аударып, инфрақұрылымды қолға алуда. Оған апта ішінде орын алған келесі жаңалықтар дәлел бола алады. Мемлекет басшысы Садыр Жапаров «Ош Сити» IT-қалашығы құрылысының алғашқы қазығын қақты. ІТ қалашық тұрғындар мен бизнестің қажеттіліктерін қанағаттандыратын заманауи және ыңғайлы инфрақұрылымды - тұрғын үй, әлеуметтік, коммерциялық және IT-құрылысын қамтиды. Жоба аясында 10 мыңнан астам пәтері бар тұрғын үй кешенінің құрылысы жүзеге асады және оның бір бөлігі мемлекеттік ипотекалық бағдарлама арқылы беріледі.
Сонымен қатар, Қырғызстанда ұлттық травматология және ортопедия орталығы құрылады. Денсаулық сақтау министрлігі жанынан медициналық мекеме құру туралы қаулыға мемлекет басшысы қол қойды. Жаңа орталық денсаулық сақтау жүйесінің сапасын арттыру, мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ тірек-қимыл аппаратының жарақаттары мен ауруларын емдеу және оңалту жүйесін жетілдіру сияқты қызметтерді іске асыратын болады.
Апта барысында елдің екі жақты қарым-қатынастарын жан-жақты дамыту бағытында да бірқатар келіссөздер жүргізіліп, іс-шаралар ұйымдастырылды. Қырғыз елінің Сыртқы Істер министрі Жээнбек Құлубаев Оманға ресми іссапары барысында Омандық «Salam Air» әуе компаниясының директоры Тарек Миран Аль-Раисимен келіссөз жүргізді. Кездесу екі елдің арасындағы әуе қатынасын дамыту перспективаларына арналды. Salam Air авиакомпаниясының Қырғызстан мен Оман арасындағы чартерлік рейстерді қалпына келтіруге мүдделі екендіктерін растады, бұл тікелей әуе қатынасын тұрақты негізде құру жолындағы алғашқы қадам болатынын атап өтті.
13 ақпан күні Қырғыз Республикасының Франциядағы Елшілігінде Халықаралық тау күніне және елдің туристік әлеуетін насихаттаған іс-шара ұйымдастырылды. Қырғыз Республикасының Франциядағы Елшісі Садық Шер-Нияз өз сөзінде Қырғызстанның табиғи және мәдени мұрасы мол ел ғана емес, сонымен қатар тау экожүйесін сақтау бойынша халықаралық бастамалардың белсенді қатысушысы екенін атап өтті.
Дәл осы күні Президент Садыр Жапаров ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовты қабылдады. Кездесу барысында ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің күзгі (2024 ж.) сессиясының шешімдерін орындау және Қырғызстанның ұйымға төрағалығы кезіндегі басым бағыттарды орындау жөніндегі іс-шаралар жоспары ұсынылды. Тараптар аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуде бірлескен әрекеттің маңыздылығын атап өтіп, ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін жеткізді.
Өткен жылды қорытындылау барысында, қырғыз экономикасының өсімін атап өткен болатынбыз. 2025 жылдың алғашқы экономикалық көрсеткіштеріне көз жүгіртетін болсақ, қаңтар айындағы қайта өсімді байқаймыз. Жалпы өнім 96 миллиард 788 миллион сомды құрап, 2024 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 10,6%-ға өскен. Көрсеткіштердің өсімі тауар өндірісі, қызмет көрсету және салық түсімдері көлемінің ұлғаюымен сипатталады.
Қырғызстанның ЖІӨ құрылымы:

52,3% - қызмет көрсету
21% - өндіріс
4,2% - ауыл шаруашылығы
14,1% - өңдеуші өндіріс
1,88% - құрылыс
*Ақпарат ҚР ресми статистикалық сайтынан
Қырғыз экономикасына қатысты сарапшылардың болжаулары да жағымды. Еуразиялық даму банкінің зерттеу қорытындылары бойынша алдағы уақытта ішкі сұраныс пен тұрақты экспорттық өсім ел экономикасының өсімінің драйвері болады. Сонымен қатар, экономикалық дамудың қосымша стимулы ретінде жоғары инвестициялық белсенділікті атап көрсеткен. Жалпы алғанда, Қырғыз Республикасы үшін жылдың басы нәтижелі басталғанын байқаймыз.
Мухаметжан Ақбота Ерлікқызы