ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТЫ: СІМ ҚЫЗМЕТІ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛУДЕ?
Қазіргі таңда әлемде геосаяси шиеленістер артуда. Осы орайда Қырғыз Республикасы сияқты шағын мемлекетке өзінің сыртқы саясатын тиімді ұйымдастыру күн тәртібіндегі ең бірінші мәселелердің бірі. Себебі, соңғы жылдардағы жоғары көрсеткіштерге қарамастан, Қырғыз экономикасы сыртқы ойыншыларға тәуелді. Ал саяси, дипломатиялық қарым-қатынастардың мығым болуы осы бір балансты сақтап тұруға көмектеседі. 2019 жылы президент жарлығымен елдің сыртқы саясатының концепциясы жаңартылды және қазіргі күні Қырғызстанның сыртқы саясатын бағдарлайтын негізгі құжат болып табылады. Концепцияға сәйкес, Қырғыз Республикасы прагматикалық, теңгерімді, ашық, көпвекторлы сыртқы саясатты ұстанады. Қазіргі таңда ресми ақпараттарға сүйенсек 177 елмен дипломатиялық қарым – қатынас орнатылған.
Сыртқы саясаттың басымдықтары: саяси, қаржылық-экономикалық және экологиялық, мәдени-гуманитарлық салалар көрсетілген және аталған салалар бойынша нақты қадамдар айқындалған. Аталған құжатта жекелеген мемлекеттерге қатысты басым бағыттар жазылмаған. Алайда, 2007 жылғы концепцияда Қырғыз Республикасының өзге мемлекеттермен немесе ұйымдармен өзара әрекеттесу үшін 3 деңгей көрсетілген.
Аймақтық. Қазақстан Республикасымен, Қытай Халық Республикасымен, Тәжікстан Республикасымен және Өзбекстан Республикасымен ортақ шекаралар тарихи тығыз саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды анықтады.
Континенттік (Еуразиялық). Қырғызстанның сыртқы саясаты континенттегі халықаралық саясаттың негізгі орталықтарымен: Ресей Федерациясымен, Қытай Халық Республикасымен, Америка Құрама Штаттарымен, Еуропалық Одақпен, Германия Федеративтік Республикасымен, Жапониямен, Үндістан Республикасымен және Түркия Республикасымен көп қырлы және өзара тиімді ынтымақтастық құрылымында сенім шараларын дамытуға бағытталған.
Жаһандық. Жаһандану жағдайында жетекші халықаралық ұйымдарға мүшелік ету негізінде нақтыланады. Әсіресе, Қырғызстанның тиімді дамуын қамтамасыз ету халықаралық және өңірлік қаржы институттарымен: Халықаралық валюта қорымен, Дүниежүзілік банкпен, Азия даму банкімен, Еуропалық қайта құру және даму банкімен, Ислам даму банкімен ынтымақтастықта шабуылдау бағытын жүргізу қажеттілігімен шартталған.
Қырғызстанның СІМ құрылған күні ретінде ресми ақпараттарына сүйенсек 1944 жылдың 17 наурызын көрсетеді. Ең алғаш Дикамбаев Казы Дикамбаевич Қырғыз КСР Сыртқы істер халық комиссары қызметін атқарды. Кейін әрине тәуелсіздік алғаннан өз қызметін әрі қарай жалғастырды. Бүгінгі күні Кулубаев Жээнбек Молдоканович 2022 жылдан бастап сыртқы істер министрі қызметін атқарады. Минстрліктің құрамында 15 бөлім жұмыс жасайды. Оның негізгілері: төрт саяси департамент, халықаралық құқық, консулдық, экономикалық дипломатия, цифрландыру, халықаралық ұйымдар, сыртқы саясатты талдау және жоспарлау және т.б. 2024 жылғы ақпарат бойынша шетелде Қырғызстанның 49 өкілдігі ашылды. Олардың арасында 30 елшіліктер, консулдықтар, тұрақты өкілдіктер, тіпті бір визалық кеңсе бар. Соның ішінде Орталық Азияда елдеріндегі елшіліктеріне тоқталсақ, 4 мемлекетте де елшілік бар.
Кадрларды даярлау мәселелері.
Кадрларды дайындау мәселесімен тікелей айналысатын қазіргі таңда Қ. Диқанбаев атындағы дипломатиялық академия болып табылады. 2001 жылы 12 маусымда Қырғыз Республикасы Президентінің жарлығымен құрылған. Алғашында тек «халықаралық қатынастра» бағдарламасы бойынша кадрлар дайындалды, кейін «Заң» және «Экономика» бағыттары қосылды. Ал 2017-2018 жылдары «Менеджмент», «Бизнесті басқару», «Журналистика» және «Лингвистика» бағыттары да ашылды.
Кадрларды даярлау мәселесінде ескеретін маңызды мәселе бар. Мамандарды даярлауда Шығыс елдері, Батыс елдері немесе Қытай, АҚШ бойынша мамандарға басымдылық беріледі. Әрине, бұл керек әрі өте маңызды. Алайда, Орталық Азия елдеріне арнайы дайындалатын мамандар жоқтың қасы. Қазір Орталық Азия елдерінің бірігуін көздейтін болсақ, Орталық Азия елдері бірін-бірі терең зерттеу керек. Дипломатиялық академияда, басқа халықаралық қатынастар бойынша сала мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындарында Орталық Азия елдерін зерттейтін, керек десеңіз тілдерін білетін мамандар дайындалу қажет. Және бұл жағдай тек Қырғызстанда орын алып жатқан жоқ, барлық дерлік, Қазақстанда да, Өзбекстанда да болып жатыр.
Мухаметжан Ақбота Ерлікқызы
04.07.2025