қаралымдар: 1486 оқырман

«ҚЫТАЙ-ҚЫРҒЫЗСТАН-ӨЗБЕКСТАН» ТЕМІРЖОЛЫНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУЫНДАҒЫ ҚАТЫСУШЫ ТАРАПТАРДЫҢ МҮДДЕЛЕРІ

Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолын салу жоспары араға ұзақ уақыт салып ақыры жүзеге асуда. 2024 жылы 6 маусымда үш елдің өкілдері Бейжіңде келісімге қол қойып, негізгі көлік жобасының басталуын белгіледі. Бұл теміржолды жүзеге асыруда тараптардың өзіндік мүдделері бар екені анық. Қытай үшін транзит, сауда және Шыңжаң пилоттық еркін сауда аймағы, Қырғызстанға жаңа теміржол желісі және транзиттік кірістер болса, ал Өзбекстан үшін бұл теміржолдан жаңа нарықтарды игеру.

Қытай Орталық Азия аймағының 30 жылдан астам уақыт бойы ең ірі инвесторларының бірі және аймақтағы көптеген инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда мол тәжірибесі бар. Қытай АҚШ-пен шиеленістің күшеюімен, Ресей мен Батыс арасындағы қарым-қатынастардағы дағдарыс салдарынан солтүстік көлік бағыттарының жабылуымен, сондай-ақ Суэц каналындағы сауда кемелерінің кептелісіне байланысты тауарларды жеткізудің құрлықтағы бағыттарын құруға ұмтылуда. Бейжің Орталық Азияның Қытайды әлемнің басқа бөліктерімен континенттік және қауіпсіз байланысы үшін бұрын-соңды болмаған мүмкіндік беретін Шығысты Батыспен, Солтүстікпен Оңтүстікті байланыстыратын көлік дәліздерінің торабына айналуға толық мүмкіндігі бар екенін түсінеді. Осыған байланысты Орталық Азия елдері жоғарыда аталған бағыттардың қиылысындағы негізгі көлік торабының негізгі буындары болып саналады.

«Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» теміржолы келесі себептерге байланысты Қытай үшін өте маңызды:

-Қытайдың өзінің геосаяси мүдделерін ілгерілету;

-Шыңжаңдағы Қытайды қолдағаны үшін Орталық Азия элиталарымен қолайлы қарым-қатынас орнату (Yan, 2023);

-Батыс Азиядағы, Парсы шығанағы мен Еуропадағы тауарлар мен энергетикалық ресурстар нарығына қол жеткізу жолдарына қажеттіліктің артуы.

Бұл теміржол Қытайдан Еуропаға шығатын жаңа бағыттарын оның теңіз көлігіне тәуелділігін азайтып қана қоймай, Қытай тауарларының сыртқы нарыққа экспортын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта пойыздар Қытайдың 35 қаласынан 57 бағыт бойынша жөнелтіліп, Қытайды Еуропаның 12 елінің 34 қаласымен байланыстырады. Қытайдан Еуропаға 2011-2017 жылдар аралығында барлығы 6235 пойыз жөнелтілген болса, 2021 жылы олардың саны 15 мыңға жуықтады (В 2018 году по маршруту Китай – Европа будет отправлено 4 тыс. грузовых поездов. , 2017).

Қытай тарапының есептеулері мен болжамдары бойынша «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» теміржолын жүзеге асыру бірқатар мүмкіндіктерді ашады:

- Екінші континенттік көлік көпірінің оңтүстік дәлізін жасап, үш елдің өндірушілері үшін өнімді өткізудің жаңа нарықтарын ашып, олардың арасындағы сауда алмасуды жандандырады. Ол Қытайдан Еуропаға сауда жолдарының географиясын кеңейтіп, Қытайдан Қырғызстан мен Өзбекстан арқылы Таяу Шығыс пен Шығыс Еуропа елдеріне, болашақта Оңтүстік Азияға жүк тасымалдау мүмкіндігін жеңілдетеді.

-Қытай тауарларын ЕО-ға тасымалдаудың ең қысқа жолдарының біріне айналады. Болжамдарға сәйкес, Шығыс Азиядан Таяу Шығыс пен Оңтүстік Еуропа елдеріне бағыттың қысқаруы шамамен 900 шақырымды құрайды, ал уақыт аралығы 7-8 күнге қысқарады (бір айда теңізде жеткізу). Сонымен қатар, сарапшылардың айтуынша, Қытай тауарлары Еуропаға теміржолмен Ресей арқылы 20-25 күнде, ал Қазақстан арқылы 15-17 күнде жетеді.

-Тауар бағасының көлік құрамдас бөлігін төмендететін жаңа дәліздерді пайдалана отырып, жергілікті шикізатты өңдеп, Қытайға экспорттау мүмкіндігін береді;

-Еуразияның көліктік тораптарын біріктіреді және «Бір жол, бір белдеу» бойындағы негізгі интеграцияланған көлік дәліздерінің бірін құрайды және халықтар арасындағы өзара алмасуды белсендіруге мүмкіндік береді.

Өзбекстан аймақтың барлық мемлекеттерімен шектесетін мемлекет ретінде тек көрші елдерді ғана емес, Шығыс Азияны Оңтүстік Азиямен, Таяу Шығыспен және Кавказбен, одан әрі Еуропамен байланыстыруға қабілетті. Осыған байланысты өзбек басшылығы ел ішінде де, одан тыс жерлерде де көлік-коммуникациялық байланыстарды дамытуға үлкен көңіл бөледі. Көлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту – тұңғыш президент үкіметі үшін де, қазіргі басшы үшін де басым мәселе. Дегенмен, екі көшбасшының көзқарастары айтарлықтай ерекшеленеді. Тұңғыш Президент аймақтық дамудағы көлік-логистикалық жүйелердің маңыздылығын сезінгенімен, сол жылдардағы аймақтағы және жалпы әлемдегі геосаяси жағдайға сүйене отырып, оның саяси тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің пайдасына мемлекеттік басымдықтарды қайта қараса, тығыз экономикалық интеграция мәселелерін неғұрлым қолайлы кезеңге қалдырды. Қазіргі мемлекет басшысы жаңа Өзбекстанның даму стратегиясын құра отырып, сол кезеңде шешімін таппаған мәселелерге, соның ішінде аймақтық интеграция мәселесіне көбірек көңіл бөлуде.

Бүгінде Өзбекстан Орталық Азиядағы ең тығыз көлік коммуникация жүйесіне ие. Бірақ Орталық Азияның континентте оқшаулануы Өзбекстанның халықаралық экономикалық қатынастар жүйесіне қосылуына кедергі келтіреді. Сондықтан барлық географиялық бағыттар бойынша жаңа көлік дәліздерін құру басымдық болып қала береді. Осы үдерісте «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» теміржол жобасы Өзбекстан басшылығының Қытай және Қырғызстан басшыларымен кездесулерінде күн тәртібіндегі тұрақты тақырыптардың біріне айналды. Сонымен қатар, бұл мәселені жеделдету үшін ел басшылығы мамандандырылған мемлекеттік органдардан бастап, сараптамалық топтарға дейін барлық тиісті мемлекеттік құрылымдарды жұмылдырды.

Өзбекстан бұл жобаның стратегиялық маңыздылығын түсіне отырып, келесі мүмкіндіктерін бағалайды:

-транзиттік ел ретінде пайда табу мүмкіндігін ғана емес, сонымен қатар Қытаймен де, Азия-Тынық мұхиты елдерімен де, сондай-ақ Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс және одан әрі Еуропа елдерімен өзара сауда операцияларын жеңілдете отырып, қысқа бағытты қамтамасыз етеді;

-Кавказдағы, Таяу Шығыстағы және Солтүстік Африкадағы порттарға қол жеткізе алады. Осы темір жол арқылы тауар айналымының артуы мемлекеттердің ЖІӨ-нің артуына алып келеді, бұл олардың өнімдерін әлемдік нарыққа шығаруды жеңілдетіп, әртараптандыруға мүмкіндік береді.

-жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік береді және ең бастысы, аймақты халықаралық масштабтағы маңызды көлік-логистикалық хабқа айналдырады (Абдулкеримов, 2023);

Қырғыз Республикасы үшін бұл жоба жоғары маңызға ие екенін түсіну қиын емес. Ел ішінде де, сыртында да көлік жүйесінің жоқтығы қырғыз экономикасының маңызды кемшіліктерінің бірі болып қала береді. Осы себепті, «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» теміржол жобасын «қытайлық қауіп» ретінде қарастырған бұрынғы президенттерден, қазіргі президент С. Жапаровтың айырмашылығы темір жолдың мүлдем жаңа сауда-экономикалық мүмкіндіктер ашу және көлік тығырығын жою үшін маңыздылығы мен аса қажеттігін шындап мойындай алуында. «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» теміржол жобасы тіпті Қырғыз Республикасының 2026 жылға дейінгі ұлттық даму бағдарламасы сияқты стратегиялық құжаттарға енгізілген, онда «Бірінші кезекте алдағы бесжылдықта «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» теміржолы стратегиялық жобасының құрылысын бастау мәселесін шешу қажет» делінген (Национальная программа развития Кыргызской Республики до 2026 года, 2019).

Тәуелсіздік жылдарында Қырғызстанда бірде-бір темір жол салынбағанын ескерсек, аталған теміржол құрылысы жұмыс орындарымен қамтамасыз етудің ынталандырушы факторына айналады, сонымен қатар Қырғызстанда ірі құрылыс инфрақұрылымының қалыптаса бастағанын көрсетеді. Сонымен қатар, ол елдегі басқа да сабақтас экономика салаларын «тартады», бұл қосымша кіріс алуға және экономика секторын кеңейтуге мүмкіндік береді. Қырғызстан үшін трансфер стансасының құрылысының маңызы зор: ол республикалық темір жолдарды халықаралық желілермен байланыстыруға мүмкіндік береді. Мұндай станция болмаса, Қырғызстанның жобаға қатысуы жай ғана өз аумағын жүк транзиті үшін қамтамасыз етуге дейін қысқарады. Құрылыс жұмыстарының басталуы жақын арада болуы екіталай: жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әлі дайын емес. Сонымен қатар, кез келген бағыт күрделі таулы жерлерден өтеді: шамамен үш мың метр биіктікте, көптеген көпірлер мен көп шақырымдық туннельдер бар. Жолдың құрылысы «Қырғыз Темір Жолының» айтуынша, 6-8 жылға дейін созылады. Бірақ Қырғызстан президенті Садыр Жапаров оны небәрі 3-4 жылда салуға болады деген оптимистік көзқараста.

Орталық Азиядағы темір жолды дамыту аймақтық қана емес, аймақтық емес қатысушылар үшін де тиімді болатыны сөзсіз. Оның үстіне, болашақта аймақ бойынша жоспарланған «темір жол Жібек жолдары» сауда-экономикалық өсімге, аймақ халықтарының әл-ауқатын жақсартуға, іскер топтардың да, қарапайым азаматтардың да өзара байланысын жандандыруға, Еуразияны бір көлік-логистикалық жүйеге біріктіруге ықпал ете алады. Әлемдегі қазіргі геосаяси жағдайды және осы геосаяси турбуленттілік тудырған аймақтандыру процестерінің басталуын ескере отырып, Орталық Азияға жалпы аймақтық интеграция мәселелері бойынша, атап айтқанда, «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» теміржол жобасын іске асыруда өзара қолайлы шешімдерді іздеуді әлі де жалғастыру керек.

Мухаметжан Ақбота Ерлікқызы