қаралымдар: 174 оқырман

ЖЫЛ БАСЫНДАҒЫ БАСТЫ ЖАҢАЛЫҚТАР: «ҚЫТАЙ-ҚЫРҒЫЗСТАН-ӨЗБЕКСТАН» ТЕМІРЖОЛЫ

2025 жыл басталғалы Қырғыз Республикасында біршама жаңалықтар орын алды. Қаңтар айын қорытындылайтын болсақ, ел президенті бірнеше заңға қол қойып, өзгертулар мен толықтырулар енгізді. Оның бірі дінді тарату мақсатымен үйлерді аралауға және қоғамдық жерлерде никаб киюге тыйым салатын заң. Бұл заңның қабылдануына себеп, соңғы уақытта елде өзге ағымдарды насихаттайтын радикалды ақпараттардың және кітаптардың көптеп тарауы. Екіншісі «Қырғыз Республикасындағы биологиялық қауіпсіздік» туралы заң. Заңның негізгі мақсаты – азаматтардың денсаулығын қорғау, қауіпсіздік тұрғысынан биотехнологияны дамыту және биологиялық қауіптердің алдын алу болып табылады.

Сонымен қатар, Бішкекте елдегі өткен жылдағы негізгі экологиялық мәселелердің бірі болған ауаның ластану деңгейін бақылайтын құрылғылар орнатылды. Табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрлігінің хабарлауынша, бұл қала тұрғындарына нақты уақыттағы ауаның ластану деңгейі туралы ақпарат алып отыруға мүмкіндік береді.

Елдегі кино индустрия саласы үшін жыл жақсы жаңалықтармен басталды. Қырғызстандық режиссер Руслан Акуннің «Бейиш эненин таманында»-атты көркем фильмі Оңтүстік-Шығыс Азия аймағында көрсетілетін болады. 2025 жылдың 13 ақпанынан бастап, Малайзия, Индонезия, Сингапур және Бруней елдерінде қырғыз тілінде, малай және ағылшын тілдеріндегі субтитр аудармаларымен көрермен назарына ұсынылады. Бұл Оңтүстік-Шығыс Азия аймағында көрсетілген тарихтағы алғашқы қырғыз фильмі болып табылады.

2024 жылдың соңында ресми құрылысы басталған «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» теміржол жобасына да Қырғызстандық үкімет басшылары, қоғам белсенділері және сарапшылар өз пікірлерін білдіріп, таласа талқылауда. Ендеше, кеңінен тоқталсақ. Президент аппаратының басшысы Каныбек Туманбаев өз сөзінде бұл жоба алғашқы кезекте аймақаралық байланысты күшейтетінін айтса, белгілі қырғызстандық саясаткер Бакыт Бекетаевтың пікірінше, «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» теміржолы құрылысы аяқталса, жолдың бойында орналасатын түрлі кәсіпорындар саны күн сайын көбейетін болады. Нәтижесінде елдің экономикалық дамуына алып келетінін атап көрсеткен. Бұл пікірмен қоғам қайраткері Тилек Юсупов та келісті. Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясының ғылыми қызметкері Равшан Назаров теміржол сауда ағындарын оңтайландыру арқылы Орталық Азияның жаһандық жеткізу тізбегіндегі рөлін күшейтетіндігін және логистика, энергетика, тау-кен, ауыл шаруашылығы салаларын дамыту үшін темір жолдың маңыздылығы туралы пікірін білдірді. Сонымен қатар, сарапшылар теміржол құрылысы тек қана Қырғызстан мен Өзбекстанға ғана емес, өзге елдерге де экономикалық пайдалы болатыны туралы айтады.

Жалпы жоба туралы кішігірім ақпарат бере кететін болсақ, жаңа теміржол дәлізі Оңтүстік – Шығыс пен Батыс Азияның, сонымен қатар Түркияның және одан ары Еуропалық Одақ нарығына жол ашады. Теміржол жобасын жүзеге асыру үшін елдер тарапынан бірлескен компания құрылды, Қытай тарапына 51% тиесілі болса, Қырғызстан мен Өзбекстанның үлесі 24,5% құрайды. Құрылыстың жалпы құны 4 миллиард 665 миллион долларды құрайды. Жалпы ұзындығы 486 шақырымға созылатын теміржолдың, 311,75 шақырымы Қырғыз Республикасының аумағынан өтеді. Әрине, бұл Қырғызстанның логистика саласының инфрақұрылымдық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілуіне ғана емес, үлкен нарықтарға шығуына үлкен мүмкіндік берері анық.

Қырғызстан мен Өзбекстан үшін бұл жобаның экономикалық тиімділігі белгілі болды. Ал, Орталық Азия елдерінің ішіндегі шығыс пен батысты байланыстыратын көшбасшы Қазақстан үшін бұл жобаның салдары қандай болмақ? Бұл сұрақтың жауабы ретінде түрлі пікірлер айтылуда. Қазақстанды айналып өтетін әрі тасымалдауға кететін уақыт пен шығыны аз балама жол ретінде, бір қарағанда тиімсіз болып көрінуі мүмкін. Алайда, менің ойымша Орталық Азия аймағында ірі нарықтарды байланыстыратын жолдардың көп болуы, тек аймақ үшін емес Қазақстанның логистика саласының дамуына, бәсекеге қабілетті болуына себеп бола алады.

Қорытындылай келе, егер ұзақ мерзімді перспективада қарастыратын болсақ, жоба елдер арасындағы экономикалық байланысты нығайтады, аймақтың транзиттік әлеуетін арттырады және аймақтағы көлік инфрақұрылымын жақсартады. Яғни, жобаның тек қана Қырғызстан үшін емес, Орталық Азия аймағы үшін де стратегиялық маңызын байқаймыз.

Мухаметжан Ақбота Ерлікқызы