ОРТАЛЫҚ АЗИЯ – БІРТҰТАС ӨРКЕНИЕТ
Орталық Азия – бұл жай ғана географиялық аймақ емес, бұл – мыңдаған жылдық өркениеттік мұрасы бар, біртұтас тарихи-мәдени кеңістік. Ұлы Жібек жолының жүрегі, түркілер мен парсылардың тоғысқан мекені, көшпелі және отырықшы мәдениеттердің синтезі – осының барлығы Орталық Азияны ерекше етеді. Бірақ бүгінгі таңда бұл бірегей аймақ өркениет ретінде толыққанды танылып отыр ма? Өкінішке қарай, жоқ. Біз көбіне Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстанды жеке мемлекеттер ретінде қарастырамыз, бірақ олардың ортақ өркениеттік негізін ұмытып кетеміз.
Орталық Азия өркениеті қандай ерекшеліктерге ие? Оның қайта жаңғыруы мүмкін бе? Бүгінгі жаһандану жағдайында бұл аймақ біртұтас өркениет ретінде мойындала ала ма?
Өркениет ретінде Орталық Азияның ерекшелігі
Орталық Азия – адамзат тарихында өзіндік орны бар өркениет. Батыс пен Шығысты байланыстырып, сан алуан мәдениеттер мен идеялардың алмасуына мүмкіндік жасаған аймақты тек саяси картадағы бірнеше мемлекет ретінде қарастыру дұрыс емес.
Көшпелі және отырықшы мәдениеттердің синтезі. Орталық Азияны Қытай мен Үндістаннан, Таяу Шығыс пен Еуропадан ерекшелейтін негізгі фактор – көшпелі және отырықшы өркениеттің үйлесуі. Бұл аймақтың халықтары мал шаруашылығымен қатар, қала мәдениетін дамытып, сәулет өнерінің керемет үлгілерін қалдырды. Самарқан, Бұхара, Түркістан, Тараз – бұлар тек қалалар емес, тұтас өркениеттің орталықтары.
Ортақ рухани және діни негіз. Орталық Азияда әртүрлі сенімдер қатар өмір сүрді. Буддизм, зороастризм, тәңіршілдік, кейінірек ислам – осылардың барлығы осы аймақта өркендеді. Бірақ ислам өркениеті Орталық Азияның рухани дамуының басты қозғаушы күшіне айналды. Дегенмен, аймақтың зайырлы сипаты мен діни толеранттылығы оны Таяу Шығыстан ерекшелейді.
Түркі-парсы мәдениетінің ықпалы. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан – түркі халықтары басым мемлекеттер, ал Тәжікстан – парсы тілді халық мекендеген ел. Бірақ бұл бөлу тарихи тұрғыдан шартты ғана. Себебі түркі және парсы мәдениеті ғасырлар бойы араласып, біртұтас өркениеттік кеңістік құрды. Ұлықбек, Әлішер Науаи, Рудаки, әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи – бұлардың барлығы Орталық Азия өркениетінің көрнекті өкілдері.
Ұлы Жібек жолының мұрасы. Орталық Азия – көне дәуірден бері сауда мен мәдени алмасудың алтын көпірі болды. Жібек жолы арқылы Қытайдан Еуропаға, Үндістаннан Ресейге дейінгі өркениеттер өзара байланысып отырды. Қазір бұл дәстүрді қайта жаңғыртып, логистикалық инфрақұрылымды дамыту – өркениеттің жаңа белесін қалыптастыра алады.
Дегенмен, бүгінгі таңда Орталық Азия біртұтас өркениет ретінде толық мойындалмай отыр. Оған басқа емес, бірінші кезекте аймақ мемлекеттері жұмыс жасап жатқан жоқ. Орталық Азия халықтары өздерін Орталық Азиялық біртұтас өркениет ошағының өкілі ретінде емес, жеке мемлекеттердің өкілі ретінде жақсырақ сезінеді. Орталық Азия елдері тәуелсіздігін алғаннан кейін көбіне ұлттық мемлекеттерді дамытуға басымдық берді. Кеңес Одағы ыдыраған соң, аймақтық бірлік әлсіреп, әр ел өзінің ішкі мүддесіне көбірек көңіл бөле бастады. Осы себептен бірнеше маңызды кедергілер пайда болды:
Саяси және экономикалық мүдделердің әртүрлілігі негізгі кедергілердің бірі болып келді. Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясат жүргізсе, Өзбекстан аймақтық көшбасшылыққа ұмтылып келеді, Түрікменстан бейтараптықты таңдады, ал Қырғызстан мен Тәжікстан экономикалық қиындықтарға байланысты сыртқы күштерге тәуелді.
Шекаралық және су ресурстары мәселесі сияқты сұрақтар кейде аймақтың бірлігіне қарағанда, алшақтауына жүмыс істеп жатады. Мәселен, аймақта әлі де кейбір шекара даулары сақталған. Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара мәселесінің соңғы уақытта ұтымды шешімдер табуы көңіл қуантқанымен, толықтай шешілген мәселе екендігіне әлі күман бар екендігі рас. Сонымен қатар, су ресурстары – үлкен проблемалардың бірі.
Сыртқы ойыншылардың ықпалы әлі де өте қуатты. Ресей, Қытай, Түркия, АҚШ секілді мемлекеттер аймаққа белсенді түрде ықпал етуде. Бұл елдердің саяси-экономикалық стратегиялары Орталық Азияның ішкі бірлігін күшейтуге мүдделі емес екендігі түсінікті.
Орталық Азияның біртұтас өркениет ретінде қалыптасуы ең алдымен өркениеттік сананы жаңғыртуға негізделуі тиіс. Бұл – халықтың өзін жеке ұлттық мемлекеттердің жиынтығы емес, ортақ мәдени-тарихи тамыры бар өркениеттің өкілі ретінде сезінуі. Осы сананы қалыптастыру үшін ортақ білім беру жүйесі, ғылыми зерттеулер және ақпараттық кеңістік қажет, бұл халықтың тарихи жады мен болашаққа деген көзқарасын ортақтастырады. Экономикалық интеграция – өркениеттік сананың материалдық негізі, ол тауар айналымын арттыру, логистика мен энергетикалық жобаларды үйлестіру арқылы бекітіледі. Идеологиялық деңгейде түркі-парсы өркениетінің мұраларын жаңғырту, исламдық құндылықтар мен зайырлы дамуды үйлестіру, Жібек жолын қайта жандандыру – Орталық Азияның ерекше өркениеттік моделін қалыптастырады. Саяси-дипломатиялық тұрғыда аймақтық ұйымдарды күшейтіп, шекаралық және су ресурстары мәселелерін бірлесіп шешу – Орталық Азияның ішкі бірлігін нығайтып, сыртқы күштерге тәуелділікті азайтады. Өркениеттік сана мен біртұтас стратегиялық көзқарас орныққанда ғана, Орталық Азия өзіндік өркениеттік субъект ретінде қалыптасып, жаһандық деңгейде өз орнын таба алады.
«Орталық Азия – біртұтас өркениет» деген тұжырым тек өткеннің мұрасы ғана емес, болашақтың да негізі бола алады. Егер аймақ елдері өркениеттік негізде бірігетін болса, онда олар саяси, экономикалық және мәдени тұрғыдан мықты күшке айналады және ең бастысы «біртұтас өркениет» ұғымы бірлікке жетелейтін факторға айналса дейміз.
Орталық Азияның мұраты – бірлік. «Тәуелсіздікті» тек бірлік арқылы ғана сақтай аламыз. Бір қолдың бес саусағындай бес мемлекет бір болайық!
Жекенов Думан Құрманғазыұлы
P.S. Ғылыми ойталқыға, пікірталасқа ашықтығымызды білдіргіміз келеді.