қаралымдар: 303 оқырман

ТҮРІКМЕНСТАННЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЛОГИСТИКАЛЫҚ РӨЛІ

Соңғы онжылдықта Орталық Азия елдері әлемдік сауда және көлік процестеріндегі рөлін арттыруға ұмтылуда. Бұл бағытта көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту – өңірлік интеграция мен жаһандық нарықтарға шығудың басты шартына айналды. Ұзақ уақыт бойы Орталық Азия елдері өз бюджеттерін Қытай тауарларының Ресей аймақтары арқылы транзитінен түсетін қаржы кірісімен толықтырды. Геосаяси тұрақсыздық жағдайында ұжымдық Батыс елдері Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстанның Ресей және Қытаймен интеграциялық байланыстарын жоюға тырысуда. Бұл жаңа өршіл жоспарларда, оның ішінде үш-алты мың метр биіктіктегі тау жоталары арқылы теміржол құрылысының жүзеге асырылуы қиын жобада көрсетілген. Орталық Азияның едәуір бөлігін биік тау жоталары алып жатыр, бұл аймақтағы көлік коммуникацияларын дамытуды қиындатады. Соның ішінде Түрікменстан өзінің географиялық орналасуы мен бейтарап сыртқы саясаты арқылы аймақтағы транзиттік дәліздердің маңызды буынына айналуда. Бұл мақалада Түрікменстанның Орталық Азиядағы логистикалық рөлі, негізгі теміржол жобалары мен олардың геосаяси және экономикалық маңызы қарастырылады. 

Шектеулі логистикалық маршруттар мен қиын жер бедері бұл елдердің экономикалық әлеуетіне тікелей әсер етеді. Өйткені, бұл бүкіл әлеммен сауданың өсуін ынталандыратын, сондай-ақ Орталық Азиядағы темір жолдар әрқашан маңызды саяси және экономикалық рөл атқарды, бірақ қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында олар санкцияланған Ресейді айналып өтіп, Қытайдан Еуропа мен Таяу Шығысқа жүк тасымалдаудың маңызды құралына айналды [1]. Бірақ Орталық Азия теміржол саласының жағдайы қандай және ол жаңа міндеттерге төтеп бере ме?

Орталық Азиядағы темір жол көлігінің тарихы 19 ғасырдың аяғынан басталады. 1874 жылы Ресей империясының арнайы комиссиясы Орынбордан Ташкентке дейін желі салу қажет деп таныды. Бұл Ресей мен Ұлыбританияның Орталық Азияда бәсекеге түскен Ұлы ойын деп аталатын белсенді кезең болды. Содан бері теңізге шыға алмайтын аймақта темір жолдың геосаяси маңызы мүлде төмендеген жоқ. Шынында да, Таяу Шығыстағы және Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыстар аясында Транскаспий халықаралық көлік жолы (ТИР) және халықаралық Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізі (INSTC) бойынша жүк тасымалдауды қамтамасыз етудегі рөлін ескере отырып, темір жолдар бұрынғыдан да маңызды бола түсті.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстандағы теміржол желілерінің ұзындығы айтарлықтай ұлғайды — бүгінгі таңда елдегі теміржол желілерінің жалпы ұзындығы 16000 шақырымға жуықтайды. Өзбекстанда да теміржол инфрақұрылымы даму үстінде. Қазіргі уақытта ел аумағындағы теміржол желілерінің жалпы ұзындығы 6100 шақырымнан асады, оның 4700 шақырымнан астамы қоғамдық жолаушылар мен жүк тасымалы үшін қолданылады. Түрікменстандағы теміржол инфрақұрылымының даму қарқыны салыстырмалы түрде баяу, дегенмен соңғы жылдары маңызды жобалар іске асты. Елдегі теміржол желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 6500 шақырымды құрайды. Түрікмен билігі 2025 жылдың аяғына дейін бұл көрсеткішті 10200 шақырымға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Тәжікстанда теміржол желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 680 шақырымды құрайды. Бұл желілердің көпшілігі Кеңес Одағы кезінде салынған және қазіргі таңда техникалық жаңғыртуды қажет етеді. Елдің жер бедерінің күрделілігі теміржол құрылысына елеулі кедергі келтіреді. Қырғызстандағы теміржол желісі өте шектеулі — бар болғаны 424 шақырым. Оның ішінде республика аумағында солтүстік және оңтүстік бағыттағы екі жеке-жеке теміржол желісі орналасқан. Бұл желілер бір-бірімен байланыспаған және негізінен жүк тасымалы үшін пайдаланылады. Таулы рельеф пен техникалық қиындықтар жаңа желілер салуға кедергі болып отыр.

Түрікменстан өзінің географиялық орналасуы мен бейтарап сыртқы саясаты арқасында Орталық Азияда стратегиялық көлік-логистикалық торапқа айналуда. Еуразия құрлығын жалғап тұрған негізгі бағыттардың тоғысында орналасқан бұл мемлекет қазіргі таңда өңірлік және халықаралық транзиттік қатынастарды нығайтуда маңызды рөл атқаруда. Соңғы жылдары Түрікменстанның логистикалық әлеуетін кеңейтуге бағытталған мемлекеттік және аймақтық деңгейдегі бастамалар жандана түсті.

Түрікменстан Каспий теңізінің шығыс жағалауында, Орталық Азияның жүрегінде орналасқан. Ол Қазақстан, Өзбекстан, Ауғанстан және Иранмен шектеседі. Бұл елдің географиялық артықшылықтары көлік дәліздерінің тоғысында болуын қамтамасыз етеді. Түрікменстанда теміржол және автомобиль жолдарының дамуы үнемі күн тәртібінде. Әсіресе, Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржолы маңызды стратегиялық жоба ретінде өңірлік тасымал құрылымының негізіне айналуда.

Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржолы — Еуразия құрлығындағы ең маңызды көлік дәліздерінің бірі. Бұл жоба Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия және Еуропа нарықтарын Орталық Азия арқылы байланыстыра отырып, өңірлік транзиттік әлеуетті арттырады. Оның тарихи тамырлары, геосаяси маңызы мен экономикалық тиімділігі – бұл теміржолдың аймақтағы болашағын айқындайтын басты факторлар. Меніңше, бұл тек инфрақұрылымдық бастама ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия елдерінің егемендігі мен көпвекторлы сыртқы саясатының көрінісі.

"Қазақстан – Түрікменстан – Иран" теміржол жобасы 2007 жылы үш елдің үкіметаралық келісімімен басталып, 2009 жылы құрылыс жұмыстары басталды, ал 2014 жылы толық іске қосылды. Бұл жоба аясында Қазақстанда — 145 км (Жаңаөзен – Болашақ), Түрікменстанда — шамамен 700 км (Серхетяка – Берекет – Этрек), Иранда — 78,5 км (Горган – Инче-Барун) теміржол желісі салынды. Барлық бағыттағы ұзындығы 928 км құрайды. Бұған дейінгі маршруттар Қарақалпақстан арқылы өтетін, ал жаңа желі – Болашақ – Серхетяка – Этрек бағыты – Қытай мен Иран арасындағы тасымал жолын 500 км-ге қысқартты [2]. Бұл – логистика саласындағы нақты жаңалық болды. Сонымен қатар, жол бойында жаңа станциялар мен логистикалық инфрақұрылымдар салынды. Қаржыландыруда Азиаттық даму банкі мен Ислам даму банкі маңызды рөл атқарды. Бұл теміржол желісінің басты мақсаты — Орталық Азия елдерінің әлемдік нарықтарға теңіз порттары арқылы тікелей шығуын қамтамасыз ету. Мұндағы «теңіз порттары арқылы» дегеніміз — теміржол арқылы жүктердің Иранның Парсы шығанағындағы стратегиялық порттарына (Бендер-Аббас, Бушер, Чахбехар және т.б.) жеткізіліп, сол жерден ары қарай теңізбен Үндістан, Африка, Еуропа бағыттарына жөнелтілуі. Осы жобаның арқасында транзиттік тасымал уақыты мен шығындары айтарлықтай азайды.

Теміржолдың стратегиялық маңызы бірнеше бағытта көрінеді: біріншіден, Экономикалық ықпалдастық - бағыт бойындағы елдердің өзара саудасы мен өндірістік кооперациясы арта түседі. Бұл - өңірішілік байланысты күшейтуге ықпал етеді. Екіншіден, геосаяси тәуелсіздік – Ресей мен Қытай бағыттарынан балама ретінде, бұл жоба аймақтағы мемлекеттердің сыртқы саясатта еркін қимылдау мүмкіндігін кеңейтеді. Қазақстан мен Түрікменстан үшін бұл – көпвекторлы саясаттың нақты жемісі. Үшіншіден, көлік дәліздерін әртараптандыру -Қазақстан - Түрікменстан - Иран бағыты INSTC (Солтүстік – Оңтүстік халықаралық көлік дәлізі) мен Транскаспий бағытымен үйлесіп, Еуразиядағы жүк айналымының жаңа динамикасын қалыптастырып отыр. Төртіншіден, Парсы шығанағына шығу - Иран арқылы Парсы шығанағына тікелей шығу арқылы Қазақстан мен Түрікменстан өз экспорттық және импорттық маршруттарын әртараптандырып, стратегиялық теңіз порттарына қол жеткізіп отыр.

Астана қаласында өткен екіжақты келіссөздер барысында Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Түрікменстан Вице-премьері, Сыртқы істер министрі Рашид Мередов екі елдің болашақтағы ынтымақтастығы мен ортақ жобаларына ерекше назар аударды [3]. Мұрат Нұртілеу өз сөзінде Қазақстан мен Түрікменстанның транзиттік-көлік саласындағы стратегиялық әріптестігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Азия мен Еуропа, сондай-ақ Азия мен Таяу Шығыс бағыттарын байланыстыратын халықаралық маршруттарды дамыту екі елдің де халықаралық қауымдастықтағы рөлін күшейте түседі. Әсіресе, Қазақстан – Түрікменстан – Иран темір жолының әлеуетін тиімді пайдалану халықаралық сауданы жандандырудың маңызды қадамы болып отыр. Бұл теміржол желісі Қытайдан Иранға, әрі қарай Парсы шығанағы елдеріне тауар жеткізу уақытын қысқартып, транзиттік тасымалдардың тиімділігін арттырады. Сонымен қатар, Қытай – Қазақстан – Түрікменстан – Иран бағыты да аймақтық және халықаралық нарықтар үшін стратегиялық мәнге ие. Транзиттік-көлік бағытындағы бастамалар тек екі ел үшін ғана емес, бүкіл аймақ үшін экономикалық өсудің кепілі болмақ. 2020 жылдан бастап бұл бағыттағы жүк тасымалы жыл сайын өсіп келеді. Жаңа логистикалық орталықтар салынуда, өткізу бекеттері жаңғыртылуда. Қазақстан цифрландыру арқылы кедендік рәсімдер мен логистиканы жылдамдатуға күш салуда. Түрікменстан Берекет маңында үлкен көлік-логистикалық хаб құруды жоспарлауда.

Сондай-ақ 17–18 ақпанда Тегеранда өткен III Каспий экономикалық форумында Әзербайжан, Иран, Ресей, Түрікменстан және Қазақстан өкілдері аймақтық логистиканы дамыту жолдарын талқылаған болатын [4].Түрікменстанның вице-премьері Ходжамырат Гелдимырадов Каспий маңы мемлекеттеріне бірлескен логистикалық орталықтар құруды ұсынған. Оның айтуынша, бұл бастама көлік-логистика байланыстарын нығайтуға және аймақтық сауда көлемін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, Түрікменстан "Солтүстік-Оңтүстік" көлік дәлізі мен Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңыздылығын атап өтіп, олардың әлеуетін толық пайдалануға шақырды. Түрікменстан мен Иран арасындағы серіктестік Орталық Азия мен Таяу Шығыстың геосаяси құрылымына ықпал етуі мүмкін. Бір жағынан, бұл ынтымақтастық Түрікменстанның Иран арқылы халықаралық нарықтарға шығуын жеңілдетсе, екінші жағынан, Иран үшін солтүстік бағыттағы көлік дәліздерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл үрдіс аймақтағы логистикалық жүйелердің дамуына, трансшекаралық сауда көлемінің ұлғаюына және экономикалық өзара тәуелділіктің күшеюіне алып келуі мүмкін.

Ауғанстанмен қарым-қатынас та ерекше назарда. Түрікменстан Ауғанстанмен шекаралас аумақтағы теміржол инфрақұрылымын кеңейту арқылы аймақтағы логистикалық тізбекті тереңдетуде. Бұл тек экономикалық емес, стратегиялық шешім ретінде де қарастырылады.

Атап айтқанда, Акина – Андхой және Тургунди – Герат теміржол желілері құрылысымен ерекшеленеді. 2019 жылы Түрікменстан мен Ауғанстан арасында ұзындығы 30 км болатын Акина – Андхой теміржолын салуға 21 миллион АҚШ доллары көлемінде келісім жасалды. Жобаға Түрікменстан тарапынан техникалық және материалдық қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, бұл желіні Тәжікстанмен және Азия-Тынық мұхиты аймағымен байланыстыру жоспарлануда.

Тургунди – Герат теміржолы – тағы бір маңызды жоба. Ұзындығы 173 км болатын бұл бағыт бойынша техникалық-экономикалық негіздеме жасалып, халықаралық қаржы институттарымен (Азия даму банкі, Ислам даму банкі) келіссөздер жүргізілуде. Бұл жобалар Ауғанстанның өңірлік көлік жүйесіне қосылуына және Лапис Лазули дәлізіне интеграциялануына жол ашады [7].

Қәзіргі таңда Тургунди – Герат және Акина – Андхой теміржол желілерінің құрылысын кеңейтуде [6]. Бұл жобалар Ауғанстанның батыс және солтүстік аймақтарын Түрікменстан арқылы Орталық Азия теміржол жүйесіне қосуға бағытталған. Тургунди – Герат теміржолы Түрікменстанның Серхетабад қаласынан басталып, Ауғанстанның Герат қаласына дейін жалғасады. Ал Акина – Андхой желісі Түрікменстанның Иматра стансасынан басталып, Фаряб уәлаятына кіреді. Бұл бастамалар Ауғанстанмен тұрақты көлік байланысын қамтамасыз етіп қана қоймай, Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы транзиттік ынтымақтастықтың іргетасын қалайды.

Орталық Азия мемлекеттері үшін көлік инфрақұрылымын дамыту – экономикалық өсудің және аймақтық интеграцияның негізгі факторларының бірі. Е.А. Борисова өз мақаласында Орталық Азиядағы халықаралық транзиттік жобалардың жаңа кезеңіне назар аударады, әсіресе Түрікменстанның сыртқы инвестицияларға тәуелсіз түрде жүзеге асырған бастамаларына тоқталады [5]. Автор атап өткендей, Түрікменстан өз қаражаты есебінен Серхетабат–Тургунди темір жолын жаңғыртып, Ауғанстанға шығатын бағытты қамтамасыз етті. Бұл жоба Лазурит дәлізінің бір бөлігі ретінде қарастырылып, Түрікменстанның Каспий теңізі арқылы Батысқа шығу мүмкіндігін кеңейтеді. Алайда, Ауғанстандағы тұрақсыздық және нарықтың шектеулігі бұл жобаның тиімділігіне күмән тудырады.

Түрікменстанның бұл қадамы – аймақтық көлік инфрақұрылымын дамытудағы тәуелсіздікке ұмтылудың айқын көрінісі деп айтуға болады. Дегенмен, мұндай жобалардың табысты болуы үшін көршілес елдермен тығыз ынтымақтастық пен тұрақты саяси жағдай қажет.

Қорытынды

Орталық Азия өңіріндегі теміржол инфрақұрылымының дамуы – тек экономикалық қана емес, сонымен қатар геосаяси мәні бар үдеріс. Қазақстан – Түрікменстан – Иран бағыты, Трансазиялық халықаралық көлік дәлізі (INSTC), ТИР желісі, сондай-ақ Түрікменстан мен Ауғанстанды байланыстыратын Акина–Андхой және Тургунди–Герат теміржол жобалары – барлығы да өңірлік транзиттік әлеуетті күшейтетін маңызды буындарға айналуда. Бұл бастамалар тек жүк ағынын әртараптандыру мен тасымал тиімділігін арттыру мақсатында емес, сонымен бірге Орталық Азия елдерінің жаһандық логистикалық тізбектерге етене интеграциялануына мүмкіндік береді. Осы үдерістердің түйінінде Түрікменстан орналасқан. Географиялық орнының артықшылықтарын пайдалана отырып, ол Солтүстік–Оңтүстік, Батыс–Шығыс бағыттарын жалғайтын көпір рөлін атқара бастады. Түрікмен теміржол жүйесінің Иран, Ауғанстан және Каспий теңізі арқылы Әзербайжан мен әрі қарай Еуропаға шығатын маршруттармен байланысы оның өңірлік хаб ретіндегі маңызын арттыра түсуде. Саяси тұрғыдан бейтарап мәртебеге ие Түрікменстан үшін бұл жобалар – тек инфрақұрылымдық дамудың емес, сонымен қатар көпжақты ынтымақтастықтың алаңына айналуда. Жаһандық және өңірлік турбуленттіліктер жағдайында балама бағыттарды дамыту Орталық Азия мемлекеттерінің стратегиялық тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды факторы ретінде қалыптасып отыр.

Байсалбек Олжас Айтжанұлы

 

Дереккөздер:

1. Рахимжанов Е. (2024). Стальные магистрали: состояние железных дорог Центральной Азии. Получено из https://timesca.com/steel-highways-a-look-at-central-asias-railways/?utm_source=chatgpt.com

2. Железная дорога Казахстан — Туркменистан — Иран // РУВИКИ. (2023). URL: https://ru.ruwiki.ru/?curid=4574236&oldid=127977515

3. В Казахстане работают около 100 компаний с туркменским капиталом. (2025) https://orient.tm/ru/post/80773/v-kazahstane-rabotayut-okolo-100-kompanij-s-turkmenskim-kapitalom

4. Туркменистан предложил странам Прикаспия создать совместные логистические центры. (2025) https://orient.tm/ru/post/81496/turkmenistan-predlozhil-stranam-prikaspiya-sozdat-sovmestnye-logisticheskie-centry

5. Борисова, Е. А. (2020). Дороги центральной азии. Новые проекты международного транзита. Восточная аналитика, (3), 51-60.

6. Байсалбек О.А. (2025). Түрікменстан және Ауғанстан: Ынтымақтастықтың жаңа дәуірі. https://qra-centre.kz/kz/mnenie/trikmenstan-zhne-auanstan-yntymatastyty-zha-duiri

7. Железнодорожное сотрудничество между Туркменистаном и Афганистаном. (2020). https://atavatan-turkmenistan.com/ru/