«ӘЛЕМДІК БАСҚАРУ» ЖӘНЕ ЖАСЫРЫН ИДЕОЛОГИЯ: ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ҮШІН СЫНАҚТАР
«Әлемдік басқару» мен неолиберализм ұсынатын үлгілер Орталық Азия үшін дайын рецепт емес, сырттан енген интеллектуалдық конструкциялар ғана. Бұл теориялар халықаралық ынтымақтастық пен тұрақтылықты уәде еткенімен, олардың астарында белгілі бір өркениеттік және саяси мүдделер жатқанын ескермеу – стратегиялық қателік. Орталық Азия тәжірибесі көрсеткендей, аймақтың дамуы тек жаһандық институттарға бейімделумен емес, өз тарихи болмысына, әлеуметтік құрылымына және геосаяси шындығына сай теориялық негіз қалыптастырумен тығыз байланысты. Сондықтан мәселе неолиберализмді толық қабылдау немесе толық жоққа шығару емес, оны аймақтық сүзгіден өткізіп, сыртқы теорияларға тәуелді болмаудың интеллектуалдық алғышарттарын жасау болып отыр.